Қызылорда облысында емханалар жанынан құрылған 161 мобильді топтың қызметі тиімділігін көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мобильді топ науқастарға амбулаторлы жағдайда медициналық көмектің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Сондай-ақ, олар динамикалық бақылауды қажет ететін науқастарды үй жағдайында қадағалайды. Сол бағытта арнайы топтар ұйымдастырылды. Олардың 33-і қалада, 28-і аудан орталықтарында болса, 100-і елді мекендерде халыққа қызмет көрсетуде. Мобильді топ құрамында 1 дәрігер, 1 орта буын қызметкері және 1 жүргізуші бар», - деп мәлім етті облыс әкімдігінен.
Одан бөлек, 13 шілдеден бастап пневмония диагнозы қойылып, амбулаторлы емді қажет ететін науқастарға «Үй жағдайындағы стационар» қызметі қосылды.
Бүгінгі таңда аталған қызмет Қызылорда қаласындағы №1, 6, «Сенім», Арал, Қармақшы, Жаңақорған аудандары және «Қазалы теміржол» емханаларында халықты емдеу шараларын жүргізіп келеді.
Айта кетерлігі, қала басшылығы облыс орталығындағы емдеу орындарында құрылған мобильді топтарға қолдау көрсетті. Оларға қосымша көмек ретінде әкімдікке қарасты мекемелерден барлығы 23 қызметтік көлікті пайдалануға берді.