28 қар, 2018 сағат 09:39

Қызылордада «Мирас» қоғамдық кеңесінің аймақтық отырысы өтті

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы талқылау бойынша және аймақтағы дарынды шығармашыл жастарға қолдау көрсету жұмыстары пысықталды.

Отырысты ашқан Қызылорда облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев Елбасының мақаласы ауқымды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы екенін айтты.

Жиын барысында «Мирас» кеңесінің белсенді мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» Ғылыми-зерттеу институты директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы баяндама жасады.

Елбасы өз мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау мен бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуі қажеттігін атап өткені белгілі. Осы бағытта облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ә. Ерсұлтанов толығырақ айтып өтті.

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаевтың төрағалығымен өткен кеңес отырысына кеңес мүшелерімен бірге мемлекеттік органдар және ҮЕҰ өкілдері мен белсенді жастар қатысты.