Жер жәннаты Жетісудан бастау алып, одан ордалы оңтүстікке жетіп, сонан соң көне Таразда жалғасын тапқан «Менің елім – Мәңгілік Ел» жастар акциясы Алашқа ана, қазаққа пана қасиетті Сыр өңірінде де өз дәрежесінде өтті.
Бүгінгі біздің басты мұратымыз Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекеттілігімізді ғұмырлы ету. Бұл жолда жастарға артылатын сенім мен жауапкершіліктің жүгі зор. Өйткені, азат Қазақстанның кемел келешегі, Алаш туының күн сөнгенше сөнбеуі өскелең ұрпаққа тікелей байланысты. Осы ретте жастарды елжандылыққа, мемлекетшілдік санаға тәрбиелейтін мұндай шаралардың маңызы да арта түспек. Ал еліміз бойынша мыңдаған жалынды жас қатысқан шараның өтуіне мұрындық болған Қазақстан халқы Ассамблеясы екенін айтқан абзал.
Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінің алдындағы алаңда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері мен студенттер қатысты. Шараны салтанатты түрде ашқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов тәуелсіздік құндылықтары жайында тереңнен толғап сөз сөйледі.
Акцияның негізгі мақсатын да айта кетейік. Аталған шара «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын қазақстандық қоғамда, әсіресе, жастар арасында насихаттап, саналарға сіңіріп, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму жолында еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың қосқан үлесін және жетістіктерін көрсету болып табылады.
Акция барысында «Мәңгілік Ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» атты кітап аймақтарды аралап жүр. Онда Тәуелсіздік жылдарында жастардың қол жеткізген жетістіктері, өңірлерде жастарға жасалып жатқан қамқорлықтар, сондай-ақ «Мәңгілік Ел» Патриоттық идеясының біріктіруші рөлі туралы жазылған. Акция аймақтарда түгелдей өтіп болғаннан соң аталған кітап Тұңғыш Президент күніне орай Елбасына табыс етіледі.
Ақмешіттегі шараға Астанадан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық келісім республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Максим Споткай арнайы келіп, тілектестігін білдірді. Қазақ тілінде таза сөйлеп, қызылордалық жастарға акцияның мәні мен маңызы туралы баяндаған ол Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін қызмет істеу әр адамның парызы екенін айтты. Ал «Жастар ресурстар орталығының» жетекшісі Жасұлан Алдабергенов жастардың қоғамда атқарып жатқан жарқын істеріне тоқталды. Мұнан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының төрағасы Константин Луца Қызылорда облысы жастарының үндеуін оқып берді.
Онда «Біз – Елбасы Алаштың анасына балаған қасиетті Сыр өңірінің жастары ата-бабаларымыздың мұратын бекемдей түсіп, замандастарымызды болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымызды адал өтеуге, бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен тұтастықтың маңыздылығын сезінуге, қоғам мен мемлекеттің жоғарғы мүдделерін ұдайы негізге алуға шақырамыз» делінген. Ал дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев «Мәңгілік Ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабын Атырау облысының делегациясына салтанатты түрде табыстады. Акция соңы ән мен жырға ұласты.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».