02 жел, 2020 сағат 17:03

Қызылордада кен орнындағы өртке қатысты жаңа деректер белгілі болды

Қызылордада кен орнындағы өрттен 3 адамның қаза болуына байланысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Естеріңізге сала кетелік, 1 желтоқсанда кен орнында жатақхана өртеніп, 3 жұмысшы көз жұмды. Жұмысшыларға арналған контейнер типті жатақханадан шыққан жалын 1450 шаршы метр аумақты шарпыған. 

Мәлім болғанындай, жұмысшылар еңбек ететін компания қыркүйек айында жұмысын бастаған. Қаза болған адамдардың 2-еуі Қызылорда қаласында тұрған болса, 1-еуі Сырдария ауданының тұрғыны. Олардың 2-еуі ер, 1-еуі әйел адам. 

«Өрт қауіпсіздігі сақталмағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Яғни, ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Аталған іс бойынша сараптамалар тағайындалды», - деді Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров.