01 қаз, 2018 сағат 09:29

Қызылордада еңбек және соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Бүгін Қарттар күні мерекесі қарсаңында «Гранд Плаза» мейрамханасында еңбек және соғыс ардагерлері мен аймақтың қоғам қайраткерлеріне арналған мерекелік дастархан жайылды.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев жиылған қонақтарды құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

«Бүгінде облысымызда 70 мыңға жуық зейнет жасындағы қарияларымыз бар. Олардың әлеуметтік мәселелері біздің ұдайы назарымызда. Осы орайда, аймақтағы егде жастағы азаматтар үшін лайықты өмір сүру сапасын арттырудың 2018-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдадық. Жоспарға сәйкес егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қорғауға, денсаулығын жақсартуға, қоғамдық өмірге тартуға, компьютерлік сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар жүргізілуде»,-деді аймақ басшысы.

Сөз соңында аймақ басшысы мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Сейілбек Шаухамановты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сондай-ақ, жиналған көпшілікті еңбек ардагерлері Оразбай Әбішев пен Тұрғанбай Маханов та құттықтады.

Атап өтейік, қазіргі таңда, Қызылорда қаласында 150 орындық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық қарттар үйінің жанынан 100 орындық және қалалық ардагерлер үйінің жанынан ашылған 50 орындық оңалту орталығы жұмыс істейді. Ал, Шиелі ауданындағы 50 орындық ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға  арналған күндізгі стационар жағдайында оңалту бөлімдерінде 3 мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, облыста бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы жүзеге асып келеді. Бұл жобаға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, көмекке мұқтаж 250 жалғызбасты қарт пен мүмкіндігі шектеулі адамға, аз қамтылған жандарға түскі астар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 250 ардагер «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалап қайтқан болатын.