
Қызылорда облысында бір отбасында төрт адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Қызылорда облысында қатерлі дертті жұқтырудың 7 жағдайы тіркелді. Олардың 5-еуі Қызылорда қаласында тұратын болса, қалған екеуі Қармақшы және Жалағаш аудандарының тұрғындары болып отыр.
«ПТР талдаулары 2 адамнан соматикалық аурулар бойынша ауруханаға жатар алдындағы тексеру кезінде алынған. Ал 4 адамнан коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандығы себепті алынған, Тағы 1 адам профилактикалық мақсатта өздігінен ақылы негізде анализ тапсырған. Талдау нәтижелері коронавирус инфекциясына оң нәтиже көрсетті. 1 адамнан коронавирустың белгісі байқалса, 6 жағдай клиникалық белгісінсіз тіркеліп отыр. Науқастармен байланыста болған адамдардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, науқастардың арасындағы жасы ең үлкені 74 жастағы адам болса, ең кішісі қашықтықта оқитын бала. Олардың ішінде 4-і бір отбасында тұрады.
