05 там, 2020 сағат 22:16

Қызылорда тұрғыны 100 адам жинап той жасаған

Қызылорда қаласында жергілікті тұрғын аулада 100-ге тарта адам жиналған үйлену тойын өткізбек болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылында тіркелді. Ауыл тұрғыны аулада үйлену тойын өткізбек болған. Оған 100-ден астам адам жиналған. Той қалалық мобильді топтың араласуымен тоқтатылды. 

«Мобильді топ құрамында қалалық прокуратура, қалалық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, қала әкімдігі, қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері бар», - деп мәлім етті Қызылорда қаласы әкімдігінен. 

Мамандар бүгінге дейін қала аумағында орналасқан 9 мыңға жуық нысанды аралады. Карантин талаптарын сақтамаған 160 нысанға қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына тиісті анықтама жолданды. Оларға тиісті шара қабылданды.