Қызылорда облысында коронавирус індетіне шалдығудың жаңа оқиғалары бұған дейін науқас адаммен байланыста болғандардан анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сoronavirus2020.kz сайтында ұсынылған соңғы мәліметтер бойынша (8 сәуір сағат 21.15-тегі жағдай), Қазақстанда коронавируске шалдығудың жаңадан 9 оқиғасы тіркелді. Оның 4-еуі – Қызылорда облысында анықталған.
Қызылорда өңірінде вирусты жұқтырғандардың үшеуі Шиелі ауданында, біреуі Арал ауданында тіркелді. Барлығы да коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылған. Олардан зертханалық сынамалар алынған.
«ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланды. Қазіргі таңда емделушілердің жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - делінген Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы ұсынған ақпаратта.
Осы уақытта Қызылорда обылсында коронавирус індетіне шалдыққан 76 адам анықталды:
Қызылорда қаласында – 9,
Жаңақорған ауданында – 16,
Қармақшыда – 4,
Шиеліде – 38,
Сырдария ауданында – 7,
Арал ауданында – 2 адам.