15 қаз, 2025 сағат 11:58

Қызылорда облысында салмағы 6,5 келі болатын алып сәби дүниеге келді

24.kz

Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғыны Салтанат Ұзақбай салмағы 6,5 келі болатын нәресте дүниеге әкелді. Бұл – өңір бойынша тіркелген орташа көрсеткіштен екі есеге жуық артық, деп хабарлайды Ult.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Дәрігерлердің айтуынша, босану үдерісі күрделі өтті. Нәрестеге алғашқы кезеңде реанимациялық көмек көрсетіліп, қосымша ем тағайындалған. Қазіргі уақытта баланың жағдайын облыстық көпсалалы аурухананың перинаталдық бөлімінің мамандары бақылауда ұстап отыр. Ана мен баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Сәбиге Қуанышбек деген есім берілді.

"Бастапқыда мені патология бөлімшесіне жатқызды. Ультрадыбыстық зерттеу барысында сәбидің ірі екені анықталды. Дәрігерлер кесар тілігін жасау туралы шешім қабылдады. Ота сәтті өтті, жағдайымыз жақсы", – деді Салтанат Ұзақбай.

Акушерлік бөлім меңгерушісі Арман Еранова болса, баланың әрі қарай қарқынды терапия бөлімінде ем алатынын айтты.

"Қазір ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық. Бұған дейін де салмағы алты және одан да көп келі болатын сәбилер дүниеге келген жағдайлар болды. Бұл – ата-ананың тұқым қуалаушылығы мен физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты", – деді ол.