25 там, 2021 сағат 12:59

Қызылорда облысында қорада жиналып тұрған 3000 бау шөп өртеніп кетті


Қызылорда облысы Арал ауданында қорада жиналып тұрған 3000 бау шөп өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 24 тамызда жергілікті уақытпен 02.24-те Арал ауданына қарасты Ақбай елді мекенінде болды. Сол уақытта түскен хабар бойынша жақын аумақтағы Қазалы ауданынан 5 қызметкер 1 техникамен жолға шықты. Ара қашықтық - 30 шақырым. 

«Оқиға орнына жеткенде үйдің ауласында жалпы көлемі 15×15 метр болатын қаңылтырмен қоршалаған мал қорасы толығымен жанып жатқаны анықталды. Қора ішінде 1 000 бау жоңышқа және 2 000 бау пішен шөбі өртенген. Салдарынан 1 бұзау мен 2 қозы өртеніп кетті. Көмекке ерікті өртке қарсы құрылымынан 10 адам келді. Тілсіз жау ауыздықталып, өрттің шығу себебі мен шығыны анықталып жатыр», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.