25 нау, 2023 сағат 13:25

Қызылорда облысында екі жасар бала құдыққа құлап, көз жұмды

Фото: Astanatv.kz

Қызылорда облысында нағашысының үйіне қыдырып барған 2 жасар сәби құдыққа құлап, мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

24 наурызда Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Дағдарыс жағдайында басқару басқармасына хабарлама келіп түскен.

«Онда Жаңақорған ауданына қарасты Қандөз ауылындағы тұрғын үйде су алатын құдыққа 2021 жылы туған сәби құлап кетіп, қаза болғаны айтылды. Ол Түркістан облысы, Сауран ауданы, Балтакөл елді мекенінен анасымен бірге нағашысының үйіне қонаққа келген», - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Нұрманова.