17 қыр, 2024 сағат 11:22

Қызылорда облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы 9 айға сотталды

Фото: Stan.kz

Қызылорда қалалық соты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Д. Әбсаттаровқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикорға сілтеме жасап.

"Ол бизнес өкілдеріне ұлының оқуына 1,4 млн теңге сомасында ақы төлеу және құны 6,8 млн теңге дизель отынын беру қажеттігі туралы заңсыз нұсқаулар беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды", - делінген хабарламада. 


Бұдан басқа, шенеунік өңір кәсіпорындарының сұйытылған газдың тиісті көлемін алу құқығын шектеу арқылы бизнес субъектілеріне 26,9 млн теңге сомасында залал келтіре отыра заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасағаны үшін сотталды.

Сот үкімімен Әбсаттаровқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, сондай-ақ мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Үкім заңды күшіне енді.