12 нау, 2026 сағат 11:15

Қызды ұрып-соғып, видеосын желіге салған: Атырауда 21 жастағы жігіт ұсталды


Фото: pexels


Атырауда 21 жастағы жігіт 19 жастағы қызды азаптады деген күдікпен ұсталды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ult.kz «Мой город» басылымына сілтеме жасап.


Басылымның мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта күдіктінің қызды бірнеше сағат бойы ұрып-соғып, азаптағаны айтылған. Сондай-ақ ол болған жағдайды видеоға түсіріп, кейбір кадрларын Instagram Stories пен Telegram желісінде жариялаған.


Атырау облыстық полиция департаменті тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы – «Азаптау» бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Күдіктінің жеке басы анықталып, іс аясында сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.


Сонымен қатар Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты 9 наурыздағы қаулысымен ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны және мас күйде қоғамдық орында жүргені үшін кінәлі деп таныды. Ол 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 8 наурыз күні 19 жастағы қыз Атырау облыстық ауруханасының травматология бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер тексеру барысында оның қолы, аяғы және бетінде жеңіл жарақаттар бар екенін анықтаған. Қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол амбулаториялық ем алуға жіберілді. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.


Полиция Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.