14 қаз, 2021 сағат 17:54

Қыздар университетінің жерін иемденген лауазымды тұлғалар ұсталды


Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі жер учаскесін иемденіп, сатып жіберді деген күдікпен бірқатар лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкерін, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің және Қарасай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшыларын 2018 жылы орын алған Кемертоған кентінде орналасқан ауданы 9,0 га жер телімі түріндегі университеттің мүлкін ұрлады деген күдікпен ұстады», делінген ресми хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, университеттің жер телімі бірнеше телімге заңсыз бөлінген және жалған құжаттармен ұсталған тұлғаларға үлестес болып рәсімделіп, кейін адал сатып алушыларға сатылған.

«Аталған тұлғалар қылмыс іздерін жасыру және жер телімін университет балансына жалған қайтару мақсатында 2021 жылдың қаңтарында құқық белгілейтін құжаттарсыз мемлекеттің жер қорынан Көлді кентінде санитарлық аймақта орналасқан, жеке меншікке беруге жатпайтын жер телімін заңсыз бөлген», - дейді агенттік өкілдері.

Бүгінгі таңда барлық күдіктілерге соттың санкциясымен бұлтартпау шарасы тағайындалған.

«Тергеу жалғасуда, жасалған қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», – делінген баспасөз мәліметінде.