20 қаң, 2026 сағат 16:14

Қыз алып қашу «дәстүр» емес, қылмыс


Фото: nts.kg

Қызылордада Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қыз алып қашу жағдайлары туралы ойын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

«Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді», – деді Мемлекет басшысы.



Фото: Ақорда. Ұлттық құрылтай

Президент заңнамалық өзгерістер де осыған сай болуы тиіс екенін атап өтті.

«Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», - деді Президент.


Осы орайда Ult.kz тілшісі белгілі мамандардың осы мәсеклеге қатысты пікірін сұрап көрді.

Жалпы, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап елімізде қызды еркінен тыс алып қашып, некеге мәжбүрлеу қылмыс болып саналады. Қылмыстық кодекстің жаңа 125-1-бабына сәйкес, мұндай әрекет жасағандар 2 мың АЕК-ке дейін (шамамен 7,8 млн теңге) айыппұл төлейді, түзеу жұмыстарына тартылады немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Егер қылмыс күш қолданумен, кәмелетке толмағанға қатысты немесе топ болып жасалса, жаза күшейеді. Мұндайда 5 мың АЕК-ке дейін (19,6 млн теңге) айыппұл салынып, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Фото: Қуат Ауғанбектің мұрағатынан


Заңгер Қуат Ауғанбектің айтуынша, Қазақстан қоғамында қыз алып қашу мәселесі ұзақ уақыт бойы мәдени-дәстүрлік құбылыс ретінде қабылданып келді. Алайда соңғы жылдары бұл әрекетке қатысты қоғамдық пікір де, құқықтық ұстаным да түбегейлі өзгере бастады.

«Бұған дейін қыз алып қашу оқиғалары көбіне ҚК-нің 125-бабы – «Адам ұрлау» шеңберінде қаралатын. Алайда бұл бап барлық жағдайды бірдей қамти алмады. Себебі кей істерде жәбірленуші қысымға ұшырағанымен, формалды түрде «ұрлау» элементтері дәлелденбей қалатын
125-1-баптың енгізілуі осы құқықтық олқылықтың орнын толтырды. Енді негізгі назар некеге мәжбүрлеу фактісіне, яғни адамның еркін таңдау құқығын шектеуге аударылды. Бұл –  халықаралық адам құқықтары стандарттарына сай келетін маңызды қадам», – дейді Қуат Ауғанбек.


Заңгердің айтуынша, қыз алып қашу бірнеше құқықтық құрамды қамтуы мүмкін.

«Біріншіден, еркін келісімнің болмауы. Қыздың некеге өз еркімен келісуі – шешуші фактор. Келісімсіз әрекет автоматты түрде қылмыстық сипат алады.
Екіншіден, психологиялық немесе физикалық қысым. Қорқыту, бопсалау, күш қолдану немесе әлеуметтік қысым (ата-анасы, туыстары арқылы ықпал ету) – неке қиюға мәжбүрлеудің жасырын, бірақ кең таралған формалары.
Үшіншіден, жәбірленушінің жасы. Кәмелетке толмаған қыздарға қатысты істер заң бойынша ауырлататын мән-жайлар қатарына жатады. Бұл мемлекет тарапынан балалар құқығын қорғаудың басымдығын көрсетеді», – дейді заңгер Қуат Ауғанбек.


Алайда сарапшылар арасында бір мәселе жиі көтеріледі: заң бар, бірақ оны қолдану тәжірибесі біркелкі емес. Кей жағдайларда қоғамдық қысым, «екі жақ келісіп кетті» деген уәждер немесе жәбірленушінің арыздан бас тартуы істің толыққанды тергелмеуіне әкеліп жатады. Сарапшы, филолог Назгүл Қолжабек қыз алып қашу тыйылсын десек, ондай әрекетке барған жігітті анасымен қосып соттау керегін алға тартады.



Фото: Назгүл Қожабектің Facebook парақшасынан

«Өйткені ол біліп отырады. Баласы қазір біреудің қызын лақша бақыртып өңгеріп әкелгелі жатқанын біліп отырады. Сол бұлқынған қыздың басына бақыртып, айғайлап, қинап отырып орамал салғызады. Баласы сол қызды шырылдатып зорлап жатқанын естіп отырады. Қан жұққан ақ сейсепке қарап сүйсінеді, тіпті соны көрсетіп жұрттан сүйінші сұрайды. Ертеңінде бір түнде бағы майырылған «келіннің» қолынан шай ішеді. Ол жазықты емес пе?
Қыз алып қашқан жігітті есік аузына жатып алып «бағың күйеді» деп қарғайтын кемпірмен қосып соттау керек. Біреудің баласының болашағына қарғыс жаудыратындай ол кім? Мақұл, жасы бар шығар. Тек, жас ұлғайған сайын жанашырлық азаяды деген заң бар ма еді?
Қыз алып қашқан жігітті сол ауылдың қатын-қалашымен қосып соттау керек. Байғұс қыздың басына орамал салмақ болып жанталасып жатып, бәрінің айтатыны: «жақсы жерге келдің». Тек олар жақсы жердің баласы адам затына қиянат қылмайтынын білмей ме?», – дейді Назгүл Қожабек.


Әлеуметтік тұрғыдан ең күрделі түйін  – «дәстүр» ұғымының құқыққа қарсы қолданылуы. Заң ғылымы тұрғысынан алғанда, дәстүр – қылмысты ақтайтын негіз бола алмайды. Құқық үстемдігі қағидатына сәйкес, адамның жеке бостандығы мен таңдау еркі кез келген салттан жоғары тұрады.

«Жақсы жердің баласы қыз алып қашпайды. Қызды еркінен тыс басып алып кету - қыздың өзіне қиянат болса, қыздың әкесіне - қорлық. Тірідей өлтіру.  «Қызыңды қолыңнан ақ некелеп аманаттап алдым» деп алдына баруға жарамай, жолдан әкеткен адам ендігі шашын ақ шалған ер-азаматтың басын қорлап отыр ғой... Ендеше, өзі қатарлы азаматпен адамша төс түйістіріп, баталасып қызын алуға жарамай, бүтін бір әулетті қорлап отырған сол «жақсы жердің» отағасын да қоса соттау керек...
Жалпы, сол «жақсы жерді» сол жігіттен үлкен тума-туысымен қосып соттау керек. Қыз алып қашпақ ниеті барын білгенде «қой» деуге жарамағандардың бәрін соттау керек», – дейді Назгүл Қожабек.


Бұл жерде мәселе тек заңда емес, қоғамдық санада жатыр. Қыз алып қашуды қалыпты құбылыс ретінде қабылдау – жәбірленушіні екінші рет құрбан етуге тең.

Ақбота Мұсабекқызы