Қытайдың «CCTV-13» басты жаңалықтар арнасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай халқын келе жатқан Көктем мерекесі - Қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жылмен құттықтауын көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы саясаттанушы Ерлан Қарин өзінің Facebook парақшасында жазды.
«Кеше, Қытайдың басты жаңалықтар арнасы - CCTV-13, Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай халқын кележатқан көктем мерекесі - шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылмен құттықтауын көрсетті. Осылайша, қытай халқын ТВ арқылы жаңа жыл мерекесіме құттықтаған шетел басшылары арасынан Қазақстан Президенті алғашқылардың бірі болды. Сонымен бірге, бұл құттықтауды қытай телевизиясының бірінші кнопкасы болып табылатын - CCTV-1 көрсетті. Ал ертең, жұма күні, қытай Жаңа жылының алғашқы күнінде CCTV мен CGTN телеарналары кешке, Қазақстан Президентінің қытай телевизиясына берген сұхбаттың толық нұсқасын көрсетеді. Бұл біздің мемлекетіміздің қытайлық ақпараттық кеңістікке ең ауқымды медиа-шығуымыздың бірі.
Біреу мұны қатардағы хабар ретінде қабылдауы мүмкін, бірақ, шын мәнісінде осы шағын жаңалықтан ғана мемлекетіміздің халықаралық саясат саласында атқарып жатқан ауқымды да, маңызды жұмыстарын аңғаруға болады. Бір ай бұрын, Елбасы АҚШ-қа ресми сапар жасап, АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісін өткізді. АҚШ-тан оралғанына бір ай өтпей тұрып, Елбасы Қытайдың ең ірі арнасына үлкен сұхбат беріп, Қытай аудиториясына Қазақстанның халықаралық саясатта атқарып жатқан жұмыстары, еліміздің сыртқы саяси бастамалары жөнінде кең түсініктеме беріп, мазмұнды ойлар айтты. Осы сұхбаттың өзі еліміздің бір уақытта, әртүрлі бағытта жұмыс атқарып жатқанын көрсетеді деп ойлаймын. Қазақстанның Шығыспен де Батыспен де бірдей диалог орната білетін потенциалын айқындайды», - деп жазды ол.
Е.Қарин бұл оқиғаны Қытайдың ақпараттық кеңістігіне еліміздің ауқымды медиа шығуларының бірі деп атады.