13 қыр, 2022 сағат 11:36

Қытай мен Қазақстан жаңа темір жол өткізу пунктін ашуды талқылауда – Си Цзиньпин


Қазақстан мен Қытай Еуразия кеңістігінде тиімділігі жоғары және ыңғайлы мультимодальды көлік артериясын құру бойынша белсенді жұмыс істеуде. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«30 жыл – инфрақұрылымдық өзара байланысты айтарлықтай нығайтатын кезең. Автокөлік, теміржол, авиациялық тасымалдар мен құбыр желісін қамтитын көпвекторлы және мультимодальды инфрақұрылым желісі қалыптасып келеді. Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан Еуразияның кең байтақ кеңістігінде тиімділігі жоғары және ыңғайлы мультимодальды көлік артериясын құру бойынша белсенді жұмыс істеуде. Біздің мемлекеттер арасындағы барлық 5 автокөлік өткізу пункті мен 2 теміржол өткізу пункті қалыпты режимде жұмыс істей бастады», - деп жазды Си Цзиньпин. 

Сондай-ақ ҚХР Төрағасының ақпараты бойынша, қос тарап жаңа теміржол өткізу пунктін ашу мүмкіндігін белсенді талқылап жатыр.

«Қытай мен Қазақстанның Ляньюньган логистикалық терминалы қазақстандық тауарлар үшін теңізге шығуға жол ашады. Қазақстан арқылы транзитпен өтетін «Қытай – Еуропа» жүк пойыздары жеткізу бағыттарын әртараптандыруға ықпал етеді және жаһандық жеткізу тізбектері мен өндірістердің үздіксіз жүруінде маңызды рөл атқарады», - дейді ҚХР Төрағасы.

Бұған дейін Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 14 қыркүйек күні елімізге Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келетінін хабарлаған еді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстан мен Қытай басшылары қазақ-қытай стратегиялық серіктестігін жан-жақты нығайтудың перспективаларын талқылайды. Келіссөздерден кейін бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр.