09 қар, 2019 сағат 12:44

Қытай каллиграфиясы бойынша қазақстандық студенттердің туындылары Бейжіңдегі көрмеде таныстырылды

Қытай астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің қатысушыларына арналған қытай каллиграфиясының 4-байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ағымдағы жылдың 10 айында осы шараға 1600 қатысушыдан 2 мыңнан астам жұмыс келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Үндістан, Пәкістан, Әзербайжан, Армения, Моңғолия және басқа елдердің қылқалам шеберлері қатысты. Олардың арасында бірінші орын алған - 4, екінші орын иеленген - 8 және үшінші орынды жеңіп алған 19 жеңімпаз анықталды.

Сондай-ақ «биылғы» және өткен жылғы жеңімпаздардың туындылары қойылған көрме өтті. Онда Шанхай қаласындағы Шығыс Қытай педагогикалық университетінің студенті Дана Тойбағарованың жұмысы ерекше аталды. Ол 2018 жылы қытай каллиграфиясының 3-байқауында 1-орынды жеңіп алған болатын.

Байқауды қытай мәдениеті мен ҚХР-ның ШЫҰ мемлекеттерінің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын насихаттау мақсатында «Жэньминь хуабао» баспасы және Қытай Ақпараттық Интернет-орталығы ұйымдастырды.

Еске сала кетейік, аталған байқаудың өткен жылғы финалистерінің қатарында ҚХР ЖОО-да білім алып жатқан қазақстандық студенттер - Қанат Омар, Ерғали Саянұлы, Руслан Төленов және Мадина Балағұлова бар.

 

Қытай каллиграфиясы - бұл мәтіннің мағынасын ғана емес, оның көңіл-күйін көзбен көрсетуге мүмкіндік беретін иероглифтік бейнелеу өнері. Хаттың бұл түрі қағазда рух пен қозғалыс үйлесімін көрсетуге, оқырманның назарын аударуға, тіпті оған эмоциялық әсер беруге арналған ерекше эстетикалық құрамымен ерекшеленеді. Шығыста каллиграфияға қашан да ерекше мән берген. Олар мұндай қызмет адамның адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалап тәрбиелеуге, сондай-ақ рухани даму кезінде оған көмектесуге қабілетті деп есептейді.