Қырғызстанның Ош облысында 7 жасар қызды зорлады деген күдікпен 26 жастағы жігіт ұсталды.
Бұл туралы Ош облысының ішкі істер басқармасы хабарлады.
Ресми дерек бойынша, 9 сәуірде кешкі сегіз шамасында Кара-Суу ауданындағы Кайрагач ауылында жеті жасар Н.А. есімді қызды белгісіз біреу зорлаған. Қыз ауыр жағдайда Ош облыстық ауруханасына жеткізілген.
Ош облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Жениш Аширбаевтың айтуынша, күдікті сол маңда туыстарының үйінде тұрып жатқан.
"Күдікті аталған ауыр қылмысқа барғанын толық мойындады. Қылмысқа қатысы бар заттар айғақ ретінде тәркіленді. Қазір күдікті қамауда отыр" деді Аширбаев.
Алдын ала мәлімет бойынша, ата-анасы Ресейде жұмыс істеп жатқандықтан, кішкене қыз әжесінің қолында болған.
Қырғызстан қылмыстық кодексі бойынша, кәмелетке толмағандарды зорлағандар 15-20 жылға дейін бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Қырғызстан бас прокуратурасының 2020 жылғы мәліметі бойынша, елде кәмелетке толмағандарға қатысты 1101 қылмыс тіркелген, соның ішінде 150 іс жыныстық сипатта болған.
Кәмелетке толмағандарға қылмыстық зорлық жасады деген күдікпен 57 адам қамалған, олардың қаншасына үкім шыққаны туралы мәлімет жоқ.