13 қар, 2019 сағат 09:41

Қырғызстанда Қазақстан медицинасының күндері басталды

Бішкек қаласында Қазақстанның медицина күндері басталды. Екі күндік шараға еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған 100-ден астам делегат қатысуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қырғызстандағы қазақстандық медицина күндері – бұл Қазақстан мен Қырғызстан денсаулық сақтау жүйелері арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге, медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, екі елдің азаматтарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету жолында тәжірибе мен біліммен, иноовациялар мен технологиялармен алмасуға бағытталған шара», - деп жазды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Гауһар Бисарина Facebook парақшасында.

Шараның ашылу рәсімінде құтықтау сөз сөйлеген Елжан Біртанов екі мемлекет ынтымақтасғының жоғары деңгейін, тарихи және мәдени тамырларының ортақтығын, сонымен қатар өзара қарым-қатынасты нығайтып, дамытуда мұндай шаралардың маңызын атап өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің атап өтуінше, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында 2020 жылдың қаңтарынан 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласының шығыстары қазіргі жалпы ішкі өнімнің 3,2 пайызынан 5 пайызға жететін болады. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға қарай алғашқы медициалық-санитарлық көмек пен қоғамдық денсаулыққа арналған шығыстардың үлесі 60 пайзға жететін болады.

Мұнан бөлек Елжан Біртанов мемлекеттік қолдаудың және қарқынды әрі кешенді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ана өлімі 2,6 есе, туберкулезден болатын өлім-жітім 5,4 есе, қан айналымы ауруларынан болатын өлім 2,5 есе, онкологиядан болатын өлім 3,7 есе, ал жарақаттанудан болатын өлім-жітім 7,2 есе азайғанын атап өтті. Сонымен қатар ол «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған қажетті институттық өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік бергенін айтты.