10 сәу, 2021 сағат 11:10

Қырғызстанда 27 жастағы қыздың өлімі: Милицияның 43 қызметкері жауапқа тартылды

Қырғызстанда 27 жастағы қызды ұрлау және өлтіру ісі бойынша ішкі істер органдарының 43 қызметкері жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап.

Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, министрлік осы іске жауапты тұлғаларға өз қызметтік міндеттерін тиісті орындамағаны үшін түбегейлі шаралар қолданады. 

Ведомство дерегінше, қайғылы оқиғаға байланысты Бішкек қаласы Первомай аудандық ішкі істер бөлімі, Бішкек қаласының және Шу облысының ішкі істер басқарламаларының қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру тағайындалған.

«ІІМ-нің Ішкі тергеу қызметі болған оқиға және милиция қызметкерлерінің, бөлім бастықтарының әрекеттері бойынша толық және объективті тексеріс жүргізді. Нәтижесінде олардың қызметтік әрекеттеріне баға беріліп, 2021 жылдың 9 сәуірінде ІІМ-нің бұйрығы шықты», - деп жазады «Кабар».

Жалпы, аталған іс бойынша ішкі істер органдарының 43 қызметкері жазаланды. Жалпы, аталған іс бойынша ішкі істер органдарының 43 қызметкері жазаланды. Лауазымынан босатылғандар арасында Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Б.Матмусаев, оның орынбасары Э.Атантаев, Бішкек қалалық ішкі істер басқармасы Тергеу қызметінің бастығы Н.Утемисов бар.

Еске салайық, 5 сәуір күні 3 ер адам 27 жастағы Айзада Қанатбекованы алып қашты. Қырғызстанның ҚК-нің 175-бабы (Адамды некеге отырғызу мақсатымен ұрлау) бойынша іс қозғалды. 7 сәуірде Айзаданың мүрдесі Арашан және Чокморов ауылдарының арасында, «Хонда» автокөлігінде табылды. Алдын ала дерек бойынша, қызды ұрлаған азамат оны буындырып өлтірген. Артынша өзінің мойнына пышақ сұғып, суицид жасаған. 

8 сәуірде Бішкекте Қырғызстанның ІІМ және Бішкек ҚІІБ басшыларының отставкаға кетуін талап еткен митинг өтті.

Жағдай бойынша Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мәлімдеме жасап, бұл істі өз бақылауына алды.