05 сәу, 2021 сағат 09:38

Қырғызстан үкіметі биыл Ауғанстандағы барлық қырғызды тарихи отанына көшірмек

2017 жылы Қырғызстанның Нарын облысына көшіп келген Памир қырғыздары.

4 сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ауғанстаннан көшіп келіп, Ош облысының Алай ауданы Талды-Суу ауылында тұрып жатқан қырғыздармен кездесті.

Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша Талды-Сууда оларға жер телімі бөлінген, онда 17 отбасына 11 үй салынған. Бұған қоса, тағы бір ауданда Ауғанстанның Памир тауларында бірнеше ғасыр тұрып жатқан "Памир қырғыздарына" арнап баспана салынады.

"Мемлекет басшысы Памир қырғыздарына тезірек елді мекен ашу қажеттігін алға тартты. Білім және әлеуметтік мекемелер жағын да қарастыру керектігін атап өтті. Памир қырғыздарымен кездескен Садыр Жапаров Ауғанстандағы қырғыздарды алдағы қысқа дейін көшіруге күш салатынын айтты. Бұған мемлекеттің шамасы жетеді" делінген Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Дегенмен Ауғанстаннан қанша қырғыз отбасының көшірілетіні және оған бюджеттен қанша қаражат қарастырылғаны айтылмайды.

Талды-Сууда Памир қырғыздарына арнап баспана салынатыны 2020 жылы мамыр айында хабарланды. Ауғанстаннан қырғыздардың алғашқы легі 2019 жылдың соңында келе бастаған. Олар басында мектеп ғимараттарын паналады.

2017 жылы Нарын облысына 50 қырғыз отбасы көшіп келген. Азаматтық пен баспана ала алмаған бір бөлігінің Ауғанстанға қайтып оралғаны да хабарланды.

Азаттық