15 сәу, 2021 сағат 09:23

Қырғыз соты қамаудағы экс-президент Атамбаевтың денсаулығын саралауды тапсырды

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың денсаулығын сот-медициналық сараптама мамандары тексереді. 2019 жылы Кой-Ташта болған оқиға бойынша істі қарап жатқан судья сондай шешім шығарған. 

Сот шешімін Қырғызстан социал-демократиялық партиясының өкілі, іске қатысушылардың бірі Кундуз Жолдубаева хабарлады. Бұл партияны бұрын Атамбаев басқарған. Партия өкілінің сөзіне қарағанда, Кой-Таштағы оқиға бойынша іс сараптама нәтижесі дайын болғанға дейін тоқтатылған, деп жазады Азаттық.

Қазір бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев колонияда отыр. Ол 2020 жылдың желтоқсан айында денсаулығына байланысты тергеу изоляторынан сол жаққа ауыстырылған. Кейінгі айларда ол сотқа мүлде қатыспаған. Адвокаттары бұлтартпас шарасын өзгерту туралы бірнеше рет өтініш берген. 

Атамбаев Қырғызстанды 2011 мен 2017 жылдары аралығында басқарған. Қызметінен кеткеннен кейін оған ауыр қылмыстар бойынша айыптар тағылды. Ол істің саясиланғанын айтып, айыптарды жоққа шығарады. 

2019 жылы 7-8 тамызда Кой-Ташта экс-президент Алмазбек Атамбаевты тергеуге күшпен жеткізу операциясы жүргізілген. Оны ІІМ қылмыстық топ жетекшісі Батукаевтың заңсыз босатылуына қатысты тергемек болған. Оны күшпен жеткізу операциясы кезінде арнайы жасақ өкілі қаза болды, 200-ден астам адам жарақаттанды. 

Ішкі істер министрлігінің тергеу басқармасы 19 адамға айып тақты. Арасында Алмазбек Атамбаев та бар. Кой-Таштағы оқиғадан бөлек, Атамбаевқа Бішкек жылу электр орталығын жаңарту кезінде ақша жымқыру, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру және заңсыз баю, "Терек" сүрме кенішін заңсыз иеленуге қатысты істер бойынша айып тағылған. 

2020 жылы маусым айында Атамбаев қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған. 30 қарашада жоғарғы сот алдыңғы инстанцияда шыққан сот үкімінің күшін жойып, істі Бішкек қаласының Первомай аудандық сотына қайта қарауға жіберген.