11 нау, 2017 сағат 13:28

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев мәлімдеме жасады

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев кейбір БАҚ-тар мен саясаткерлердің мақсаты елдегі жағдайды тұрақсыздандыру мен мемлекет басшысының беделін түсіру екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпаратkaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

"Соңғы кездері Қырғызстан Республикасында баспасөздегі сөз бостандығы деп ұрандатып жүрген тәуелсіз журналистер, БАҚ-тар мен саясаткерлер өздеріне ұнамайтын адамдардың, бірінші кезекте тәуелсіз Қырғызстан президентінің атына кір келтіріп, адамдарға жала жабу құқығын беруді талап етіп жатыр. Мұндай әрекеттер жекелеген БАҚ-тарда, тіпті әлеуметтік желілерде былтыр жаздан бері күшейіп жатыр. Өтірік, өсек-аяң мен масқаралау. Журналистер мен БАҚ-тардың басты міндеті - адамдарға жалған ақпарат пен өсек-аяң жеткізу емес, шын әрі боямасыз ақпарат пен объектив деректерді жеткізу екенін еске салғым келеді", - деді Алмазбек Атамбаев мәлімдемесінде.

Атамбаевтың айтуынша, Қырғызстанға бейбітшілік, тұрақтылық, бірлік пен ынтымақтастық керек.

"Қырғызстан азаматтарына тәуелсіз журналистердің, БАҚ-тардың және саясаткерлердің негізгі мақсаты ақиқатты іздеу емес, керісінше, қазіргі мемлекет басшысына қатысты өсек-аяң таратып, қараша айында өтетін президент сайлауы алдында елдегі жағдайды тұрақсыздандыру екенін түсіндіру қажет. Еліміздегі тиісті органдарға сөз бостандығы дейтіндерге заңды орындау президентке қана емес, бәріне де міндет екенін еске салу керек", - делінген мәлімдемеде.