18 сәу, 2024 сағат 10:18

Қырғызстан полицейлері қазақстандық әріптестеріне 50 тонна гуманитарлық көмек жіберді


© Photo : МВД Кыргызстана


Біздің Қазақстанмен ынтымақтастығымыздың терең тарихы бар және мұндай сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсету маңызды, деп атап өтті Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі.


Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі су тасқыны зардаптарымен бетпе-бет келген қазақстандық әріптестеріне 50 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді.

Ведомство бұл бастама дағдарыс кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты қолдаудың бір бөлігі болғанын атап өтті.


"Қазақстандағы су тасқыны көптеген облысқа ауыр зардап әкелді. Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрлігі қиын жағдайға жауап ретінде бірінші кезектегі қажетті заттар түрінде көмек көрсету туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.


Гуманитарлық көмекке дәрі-дәрмек, резеңке етік, дизельдік және электр генераторлары, үрлемелі қайықтар, шатырлар, матрацтар, азық-түлік, көрпе, жастық, төсек-орын жабдықтары кіреді.


"Біздің Қазақстанмен ынтымақтастығымыздың терең тарихы бар және осындай сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсету маңызды. Біз бұл гуманитарлық көмек табиғи апаттың зардаптарымен күресіп жатқандарға жеңілдік әкеліп, зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге көмектеседі деп үміттенеміз", - деп толықтырды Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі.