16 қыр, 2022 сағат 16:48

Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтатуға келісті


Қырғызстан ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиев пен Тәжікстан ҰҚМК жетекшісі Саймумин Ятимов 16 қыркүйек сағат 16-дан бастап атысты тоқтату туралы келісміге келді. Ақпаратты Қырғызстан ҰҚМК растады, деп жазды "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.

Келіссөз Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан шекарасында өткен.

16 қыркүйекте таңертең Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында жағдай қайта ушыққан еді. Тараптар жағдайға бірін-бірі кінәлады.

Қырғыз жағы қақтығыс салдарынан 42 адамның зардап шеккенін мәлімдеді. Reuters агенттігі бір тәжік тұрғынының қаза болғанын, бірнеше адамның жараланғанын жазды. Әзірге қаза болғандар мен жараланғандар туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Жұма күні күндіз Қырғызстанның Баткен және Лейлек аудандарында қызу шайқас жүріп жатқаны, Баткен қаласындағы азаматтық нысандарға снаряд түскені хабарланған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, бірқатар тәжік ауылында да өрт болған.

Қырғызстан төтенше жағдай министрлігі Баткен облысындағы шекараға жақын аудандардан тұрғындарды эвакуациялаған. Халықты уақытша қоныстандыратын бірнеше пункт ашылған.

Айта кетейік, екі күн бұрын қырғыз-тәжік шекарасында атыс болып, кемінде бір адамның қаза болғаны, бірнеше адамның жараланғаны хабарланған. Тараптар оқиғаға бір-бірін кінәлаған.

Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы 970 километр шекараның 519 шақырымы келісілген, қалған бөлігі әлі нақтыланған жоқ. Қырғыздың Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысы арасындағы даулы жерде ауылдар, кей тұсында екі елдің тұрғындарының үйлері қоңсы орналасқандықтан ол жерде шекараны нақтылап, белгілеу қиындық туғызған. Соның салдарынан көрші екі елдің тұрғындары мен шекарашылары арасында суға, жерге талас жиі болып тұрады. Кейде жанжал барысында қару қолданылып, адам өліміне ұласады.