Фото: kyrtag.kg
Алматыда «Қазтеміртранс» АҚ филиалының директоры ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді. Компания басшылыққа қатысты тараған ақпаратқа байланысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Компания мәліметінше, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тиісті тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. «Қазтеміртранс» уәкілетті органдарға толық қолдау көрсетіп, тергеу аясында барлық қажетті құжаттар мен ақпаратты ұсынуда.
Сонымен қатар, компания филиал нысандарын күзету бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жетуге көмектескені үшін заңсыз сыйақы алды деген ақпаратқа күмән келтіретінін мәлімдеді.
«Қазтеміртранс» дерегінше, күзет қызметтерін көрсетуге қатысты компания мен күзет ұйымдары арасындағы барлық келісімшарт рәсімдері толық аяқталған.
Анықтамаға сәйкес, күзет қызметтеріне арналған «Қазтеміртранс» АҚ-ның жалпы бюджеті шамамен 200 млн теңгені құрайды. Ал Алматы филиалы бойынша биыл өндірістік базаларды күзетуге 9 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Компания бұл сома ақпарат кеңістігінде айтылып жүрген ықтимал пара мөлшерінен бірнеше есе аз екенін атап өтті.
Сондай-ақ компания заңдылық, ашықтық және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлде төзбеушілік қағидатын ұстанатынын жеткізді. Егер заң бұзу фактілері расталса, тиісті заң аясында барлық шара қолданылатыны айтылды.
Қазір «Қазтеміртранс» штаттық режимде жұмысын жалғастырып, серіктестер мен клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындап жатыр. Тергеу нәтижелері туралы қосымша ақпарат кейін жарияланатыны хабарланды.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазтеміртранс» компаниясының төрт қызметкері пара алу дерегі бойынша сотталғаны туралы ақпарат тараған болатын.
