25 қыр, 2020 сағат 15:21

Құс тұмауына байланысты Ақмоланың бес ауданында карантин жарияланды

Ақмола облысының тағы бес ауданында құс тұмауы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жүнісовтың айтуынша, өңірдің бес ауданында құс тұмауы расталды. Бұл - Астрахан (Старый Колутон), Бұланды (Вознесенское және Никольское ауылдары), Атбасар Қосбармақ ауылы), Егіндікөл және (Спиридоновка және Абай ауылдары), Зеренді аудандары (Қарлыкөл ауылы).

«Зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша бұл елді-мекендерде құс тұмау расталды. Карантин міндетті тұрде жарияланады, алайда, бұл әп сәтте қолға алынатын шаруа емес. Әр ауданның бас мемлекеттік инспекторлары ауылдық округ әкімдерінің атына ұсыныс жасаулары керек. Ол тіркеліп, кейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы карантин енгізіп, оны өткізу үшін қаражат бөледі. Жалпы, бүгінгі күні бізде 11 ауданда 1104 құстың өлгені тіркелді», - дейді Талғат Жүнісов.

Бұдан бөлек, Шортанды ауданындағы Бектау ауылында, Целиноград ауданындағы Жарлыкөл ауылында, Сандықтау ауданындағы Жыланды ауылында, Жақсы ауданындағы Қалмакөл және Новокиенка ауылдарында, сондай-ақ, Ақкөл ауданында шамалы құстың өлгені анықталды. Бұл аудандарда құстың қырылу себебі анықталады.