04 мам, 2022 сағат 12:15

Құрылысы 12 жылға созылған Есқұла су құбыры пайдалануға беріледі


Құрылысы 12 жылға созылған Есқұла су құбыры биыл пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – министрліктің басым міндеттерінің бірі. Су кодексіне сәйкес, министрлік елді мекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу, реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі», - деді ол. 

Министрдің дерегінше, қазіргі уақытта республика бойынша ұзындығы 15,5 мың шақырым 76 топтық су құбыры бар. Оның ішінде 13,4 мың шақырымды құрайтын 39 топтық су құбыры республикалық меншікте. Олар 1,4 млн адам саны бар 655 ауылдық елді мекенді сумен қамтамасыз етуде. Былтыр Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі 5 нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ тестілік режимде Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы 3 нысанда сапалы ауыз су берілді. Нәтижесінде 800 шақырым желі салынды. Жалпы 5,8 мың адам тұратын 5 ауылдық елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізді және 203 мың халқы бар 51 ауылдық елді мекен мен 3 қалада сумен жабдықтау жақсартылды.

«Биыл 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 18 нысанды іске асыруға 6,1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аяқталу мерзімі - 2023-2024 жылдар. Нәтижесінде жалпы саны 458 мың адамды құрайтын 158 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылады», - деді Серікқали Брекешев.