
Маңғыстауда Тәуелсіздік күні қарсаңында Құрық жағалау аймағында «Абай» маневрлік базасы ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаракия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов қатысты. Алдымен ескерткіш тақтаны табыстау мен ашылу рәсімі өтті. Кейін әскери - теңіз туы көтерілді. Іс-шарада кемелер шеруі ұйымдастырылды.

Аталған маневрлік орналасу пункті 800 тоннаға дейінгі жиынтық су ығыстырғыштығы бар, катерлерді және кемелерді арқандап байлауға, тұрақтандыруға және оларға қызмет көрсетуге, кемеге электр энергиясын өндіруге және беруге, тылдық қамтамасыз етуге және Каспий теңізінің оңтүстік бөлігінің Мемлекеттік шекарасын қорғау бойынша кемелер және катерлердің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізуге арналған.

Аймақ басшысы Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған нысанмен құттықтап, оған ұлтымыздың ұлы ақыны Абайдың есімі берілуі елге қуаныш, сарбаздарға айбын, ұрпаққа ұлағат боларын айтты.
«Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері әскери теңіз күштерінің әлеуеті артып, материaлдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарамағындағы жағалау күзеті соңғы жылдары бірнеше рет жаңа корабльдер мен катерлермен толыққанын білесіздер. Толқыны тулаған теңізде қуатты құрылымдармен қаруланған сарбаздарымыз әрқашан сауысқандай сақ, қырандай қырағы болсын!»-деді облыс әкімі.




