13 қаз, 2016 сағат 20:09

Құрты мен ірімшігіне астаналықтар да тапсырыс берді

Тарбағатай ауданында сүт өнімдерін нарыққа шығарып, шаруасын дөңгелетіп отырған адамдардың қатары көбейген. Солардың бірі - «Жаңалық» ауылының тұрғыны Шынар Оспанова. 

Шынардың жұбайы Дәулет Абылаев осыдан бірер жыл бұрын «Дәулетбай» шағын шаруашылығын құрып, ет бағытындағы ірі қара өсіріп келген болатын. Өткен жылы күзде ерлі-зайыптылар ақылдаса келіп, сауын малын бағуды да жөн көрген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Шынар жеке кәсіпкер болып тіркеліп, 3 млн. теңгеге жеңілдетілген несие алды. Оған Көкпекті ауданынан симменталь тұқымды сегіз сиыр мен бір бұқаны сатып алып келді. Сиырлары биылғы көктемде бұзаулады. Күніне 8-10 литрден сүт беріп, дұрыс шешім қабылдағандарына көз жеткізді. Күнделікті 40-50 литр өнімді ауылдан сегіз шақырым жердегі Ақжардағы сүт цехына өткізіп, өнімінің пайдасын көре бастады. 

Шынардың айтуына қарағанда, сиырлары ауылдың табиғатына жылдам бейімделген, күй талғамайды, қысы-жазы сауылады. Жеке кәсіпкер өзінің өнімдерінен май шайқап, айран ұйытып, құрт, ірімшік жасап, Ақжардағы базарларда саудалайды. Өнімдері сапалы болғандықтан тез өтеді. Мұны алыс-жақындағылар да аңғара бастаған. Жақында ғана Астана қаласының «Қоянды» мөлтек ауданының ірі сауда дүкенінің әкімшілігі Шынардың құрты мен ірімшігіне тапсырыс беріпті. Тапсырыстың үдесінен шығу ләзім. Қойылар талап та жоғары. Сондықтан кәсіпкер үш тоңазытқыш сатып алып, үй ішінен шағын қойма ашты.

Алдағы көктемде тағы бес сауын сиыр сатып алмақ. Оған барлық мүмкіншілік жетіп жатыр. Шаруашылықтарында 500 га жайылым, 20 га жоңышқа алқабы бар. Қазірдің өзінде 50-60 тонна мал азығы дайындалды. 

Биыл «Жаңалық» ауылының Шынар сияқты тағы екі азаматшасы сауын сиыр алуға ниеттеніп, несие алуға өтініш берген. Бұл да Шынардың алған бағытының дұрыс екенін көрсетсе керек. 

 

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.