27 қыр, 2021 сағат 22:14

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» овертаймда «Автомобилистен» басым түсті


«Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу аса тартысты өтті. Командалар бір-бірінің қақпасына жиі шабуылдады. Нәтижесінде олар қақпадан саңылау тапты. 

Бірінші кезеңде командалар бір-бір шайбадан алмасты. Ойынның 2-минутында «Барыс» хоккейшісі Даррен Диц мергендік танытса, 4-минутта ресейлік командадан Данил Романцев таразы басын теңестірді. 

Екінші кезеңнің 29-минутында қазақстандық Егор Петухов қайтадан «Барысты» алға шығарса, одан кейін «Автомобилист» сапынан Джесси Блэкер 31, Георгий Белоусов 37-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Үшінші кезеңде басталғаннан кейін қазақстандық командадан Никита Михайлис 43, Джо Морроу 46-минуттарда гол соқса, 50-минутта ресейлік Алексей Макеев тағы да таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 4:4 есебімен аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңіс шайбасын Якуб Лилья соқты. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 5:4 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс» 29 қыркүйекте сырт айдында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен кездеседі.