Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова елордада Құрбан айт өткізу талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрғындар арасында COVID-19 ауруының жоғары деңгейін ескере отырып, мен Нұр-Сұлтан қаласында Құрбан айтты мерекелеу күндеріндегі шектеу шаралары туралы» қаулыға қол қойдым. Құрбандық шалу рәсімін онлайн өткізу (qurban2021.kz сайты) белгіленіп, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, адамдардың жаппай жиналуын болдырмай, міндетті түрде бетперде кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, арнайы бөлінген орындарда (яғни, мал сою пункттерінде) ұйымдастыру және өткізу қарастырылған», - деді спикер Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіндегі брифингте.
Мешіттер аумағында ашық ауада өткізілетін іс-шараларды қоса алғанда, бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде «Айт намазы» ұжымдық намазын өткізуге, «Құрбан айт» мерекесіне арналған бұқаралық шараларды өткізуге және қатысуға, оның ішінде үйде де өткізуге тыйым салынады.
Сонымен бірге, қала аумағында санитарлық бақылау мен қадағалау күшейтіледі. Қазіргі уақытта алыстан немесе тұтынушы тапсырысымен құрбандық шалу алгоритмі барлық санитарлық талаптарды сақтауын ескере отырып пысықталуда.
«Мал сою орындарында санитарлық талаптардың сақталуын санитарлық және ветеринарлық қызмет мамандары қамтамасыз етеді. Барлық басқа жерлерде мал сатуға және жеке секторларда құрбандық шалуға тыйым салынады. Сонымен қатар, біз тұрғындарды жақындары мен туыстарына айттап барудан, көпшілік жиындардан бас тартуға шақырамыз. Бұл шаралар қала тұрғындары арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру және таралу қаупін болдырмау үшін қабылданды. Әрқайсыңыздан көрсетілген шараларға түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытуды сұраймын», - деді Сархат Бейсенова.
