13 там, 2016 сағат 18:27

Кунсткамера Кейкі батырдың басын Қазақстанға қайтаруға дайын екендерін айтты

Ресейдің Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера) Кейкі батырдың басын қайтаруға дайын. Бұл туралы «Радио Балтикаға» берген сұхбатында музей директорының орынбасары Ефим Резван айтты.

Оның айтуынша, экспонатты Ресей президентінің бұйрығы бойынша Қазақстанға қайтаруы мүмкін екен. Музей басшысы Қазақстанның Петербургтағы консулына қайтару үшін қандай жұмыстар істеу керектігін түсіндіріп берді.

«Кейкі батырдың басы бізде шынымен бар. Біз оны ешқашан жасырған емеспіз. Барлығы жақсы біледі. Егер бұйрық шықса, Қазақстанға беруге дайынбыз», – дейді Резван.

Музей директорының орынбасары Кунсткамерада бірақ Кенесары ханның басы жоқ екенін айтып отыр. Әлі күнге Кенесары ханның басы қайда екенін білмейміз дейді.

«Бізге Қазақстанның Мәдениет және спорт министрінің орынбасары келді. Оған барлық мұрағаттарды көрсеттік. Сондай-ақ қазақстандық тағы бір әріптесіміз жеке өзі барлық құжатты тексеріп көрді. Сол кезде Кенесарының басы ешқашан болмағанын тексеріп білді», – дейді Резван.

Айта кетейік, жұма күні ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов РФ Үкімет басшысы Дмитрий Медведевпен кездесу барысында Кенесары мен Кейкі батырдың басын Қазақстанға қайтару туралы мәселені көтерген болатын.

Дмитрий Медведев бұл мәселені анықтап, шешу үшін қажетті тапсырмалар беретінін айтты.

«Мен ауызша және егер қажет болса, жазбаша тапсырма беріп, бұл мәселенің анық-қанығын анықтайтын боламын», - деп жауап берді Д.Медведев К.Мәсімовтің ұлт көсемдерінің мүрделерін жерлеу үшін Қазақстанға қайтару туралы өтінішіне.

Айта кетейік, Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Азан шақырылған шын аты - Нұрмағамбет. Кейкі Жыланшық болысының алпауыты Р.Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел ауызында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған.