03 қаз, 2021 сағат 01:30

Күніне 4 сағат қана ұйықтап, еңбек ететінбіз - зейнеткер әже өмір жолы жайлы


Ақтөбелік Әлия Кенжалина Қарттар күні құттықтап барған депутаттарға өмір жолын айтып, жастардың ерінбей еңбек етуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов пен облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері еліміздің өркендеуіне үлес қосқан аға буынды Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Олардың көбі - малшы, ұстаз, колхозда еңбек еткен қарапайым еңбек адамы.

Құрметке бөленген Әлия Кенжалина қазір 85 жаста. Ол 12 жыл бойы жолдасы Серікбай Жұмабаевпен бірге Шалқар ауданы, Бершүгір совхозында қой баққан. Кейін жолдасы ферманың зоотехнигі, ал өзі дүкенші болып қызмет істеді. Қазір Әлия Кенжалина 9 бала тәрбиелеп, одан 34 немере, 26 шөбере сүйіп отыр. Жолдасы осыдан 5 жыл бұрын дүниеден өтіпті.

«Еңбекпен ел көгерер» деген. Жастайымнан еңбекке араластым. Түзде шөп тасып, мал бақтым. Ер азаматтың жұмысын істеседім. 15 жасымда әкем ескі тігін машинасын алып берген, сонымен үйде іс тіктім. Күніне 4 сағат қана ұйықтадық. Қазіргі жастар біздей еңбек етсе, еліміздің жағдайы әлдеқайда жақсы болар еді», - дейді батыр ана Әлия Кенжалина.

Нұротандықтар құттықтап барған ардагерлердің бірі — Ажар Оразғалиева. Ол ел басына күн туған шақта өзі сұранып соғысқа аттанған. Ол кезде небәрі 18 жаста болатын. Қаршадай қыз қару асынған құрбыларымен бірге басқыншылардың талай шабуылына тосқауыл жасады. Зенитпен атқылап, фашистердің ұшақтарын құлатқан уақыттары да мәңгі жадында. Ардагер Курск, Орел, Белгород, Харьков, Киевті және Румыния, Венгрияны азат етуге қатысып, Жеңісті Берлинде қарсы алған екен.

«Үлкенді құрметтеп, сыйлай білген елміз. Көнекөз қарияларымыздың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі, тәлім-тағылымы бөлек. Әрқайсысы ғұмырының ең қызықты да жарқыраған жастық шағын еліміздің өркендеуіне, келер ұрпақтың игілігіне арнады. Ұрпаққа берген ұлағатты тәлім-тағылымдары мен қоғам өміріне қосқан үлесі үшін аға ұрпаққа ризашылығымыз шексіз», - дейді Ербол Данағұлов.