08 ақп, 2020 сағат 10:30

Күн мен түнім – Абайдың тұтқыны

«Өткен ғасырдың ортасында әйгілі ойшыл-ұлтшыл дегдар Әнуар Әлімжанов марқұм бірде қазақ қоғамы туралы әңгімелеп отырып: «Қазаққа келешегіне қауіпті – рушылдық емес, ол бұлқыныстан, бір диктатордан аспай ыдырайды. Мен, бүгінгі жастардан, солардың ертең дала қазағы мен қала қазағы болып екіге жарылып, өзара қайшыласуынан қорқамын. Өйткені қала жастары – оқыған, ширақ, бәріне бейім және олар ауылдағы қазақшылыққа ұмтылмай­ды, оларды кемсітіп қабылдайды. Өнер­кәсіпті игеруде, қаржы табуда, банкіні бас­қа­руда, сауда-саттықта, саясатта олар үстемдікке ие болады. Ақыры, солар­дың дегені – деген, сөйлеген тілі – ұлттық емес, мемлекеттік тіл болады. Міне, қазақтың қазақтығына содан бастап қауіп төнеді. Олар оңайшылықпен жеңістік бермейді. Күлме, Тұрсын, әлі басымызға келеді. Оны сен көріп қаласың», – деп еді. Міне, айтқаны келді», – дейді Абайтанушы, алаштанушы белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай. Қаламгер елімізде мемлекеттік идеологияның ақсап тұрғанын ашына айтты. Біз көлемді сұхбаттың Абай мен Алаш тақырыбына қатысты жерлерін ұсынып отырмыз.

«АБАЙ ЖОЛЫ» – АБАЙДЫҢ ӨЗ ӨМІРІ ЕМЕС

– Мен үшін Абай – мәңгілік тылсым, ынтызарлы тақырып. Қазір Абай туралы білген-түйгенімді, жазғандарым мен жиғандарымды жүйелеп: «Күйесің жүрек, …сүйесің жүрек!..» (толықтырылған нұсқасы), «Зәбір сұлтаны», «…Ол боламын демеңдер», «…Сол шыншыл» атты төрт кітапты жазып та, өндіріске дайындап та жатырмын. Күнім мен түнім – Абайдың тұтқыны. Бұл ретте үлкен өкінішім де, күтер жұбанышым да бар. Жаңа жылда барлық көз көргендеріме және өзіме де: «Жоғалтқандарың – табылсын, барың – жоғалмасын», – деп тілеу тіледім. Осы сөздің астарында бар көңіл қалауым бар. Бұл қолжазбалардың мазмұнын таратып жатпайын. «Жас алаш» пен «Қазақ әдебиетінің» оқырмандары таяу арада шетжағалап танысып та қалар. Алда, Абайдың өмірі туралы қырық жылдан бері дайындалып келе жатқан (тәуекелім жетсе – дәл қазір де кірісіп кетуге дайынмын) еңбегімді қолға алу ойымда бар. Алайда мен Абайдың үрім-бұтақтары мен туыстарына сөз берген адаммын. Абайға қатысты ашылуға тиісті немесе жасырын күйінде қалуға тиісті жеке құпия жайлар қаншама?! Соның ішінде, ашығын айтайын, Абайдың жеке өзіне қатысты өте күрделі және шешуші үш мәселе бар. Шыңғыстың қаратұяғы, күні кеше өмірден өткен Бекен Исабаев дегдармен он жылдай ежіктесіп-егейлесіп жүріп, біреуінің амалын тапқан сияқтымын. Ол мәселе туралы ішкі қарсылығымды жеңдім деп есептеймін. Қалған екі мәселені жеңе алам ба, жоқ па, белгісіз болып тұр. Абайдың туғандары мен үрім-бұтағы ол сырды маған сеніп тапсырып, аманаттап кетті. «Егер мен оларды сол құпия күйінде сақтасам, шындыққа қиянат болмай ма? Мен кімге аманаттаймын оны?» – деген ой көкейімнен кетпейді. Бір сенімді, үмітті, әрине, Абай үшін ар-ожданымен жауап бере алатын бір жас талап табылса ғой, шіркін… «Абай жолы» роман-эпопеясы – Абайдың өз өмірі емес. Ол – көркемдік шындық», – деп жағым талмай сарнап жүргенім де сол. Көркем қиял мен қисынсыз да Абайдың өз трагедиясы өзіне жетеді.

«Өмірлік шындық біткен жерден – көркем шындық басталады» (Ю.Тынянов). Сондықтан да «Абай жолындағы» суреттелген сюжеттік оқиғалар – Мұхтар Әуезовтің көркем шындығы. Көркем шығарманың басты заңдылығы да сол. Қиыннан қиыстыра отырып, мың өмірлік шындықтан бір көркем шындық жасау керек. Әйтпесе, «соқтықпалы, соқпақсыз, етек бастылықты» бейнелеген шығарма болып шығар еді.

– Мұндай пікір «Абай жолы» романының құндылығын түсіріп жібермей ме?

– Жо-оқ, керісінше, Мұхтар Әуезовтің ұлы талантына табындыра түседі. Ол өзінің қуатты көркем қиялының құдіретімен Абайдан ұлы данышпан образын жасап шығарды ғой. Көркем шындықтың құдіретін танытты бұл шығарма. Енді, ешқандай қазақ баласы мұндай ұлы шығарманы қайтып өмірге әкеле алмайды. Оған еш күдіксіз, кәміл сен.

– Ал хакім Абайдың шынайы бейнесі қандай?

– Абайдың өмірін терең және шынайы қалпында біліп, сезінген сайын оның сон­шама ақылдан тартқан азапты көтеріп, құсалы көңілмен қалай өмір сүргеніне таңданасың. Абайдың өмірі – ешқайда бастамайтын тұйық жолмен аяқталатын, ақылдың азабын шеккен, құсалы, ызалы, булыққан, құмығулы өмір. Мен Абайдың сондай жанын азалы еткен ақылдың азабына қалай шыдағанына таң қаламын. Абайды «қорлық пен мазағына қалдырып» табалаған «көпке» таң қаламын. Неткен азапты, жанкешті өмір десеңші?!.

Жә, әңгімеміздің беті теріс беткейге тар­тып барады. Осы арадан әс-сабыр рахым десек қайтеді, айналайын?

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ – АЛТЫН ОРДАНЫҢ ЗАҢДЫ МҰРАГЕРІ

– Алаш ұранының түп негізін Көк Тү­рік қағанатымен байланыстыра отырып, көш­пелілер әлемінің ортақ тұлғасы Едіге тұсынан тартып, түркі жұртына ортақ миссия ретінде тарқатасыз. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан осы идеяның маңыздылығы қандай?

– Мұның, яғни, көк түрік қағанаты тұ­сында қалыптасқан «мәңгілік ел» идея­сы­ның түбегейлі және шешуші маңызы бар. Өйткені идея, соның ішінде елдік, қағанаттық тұтастық идеясы – елдіктің, мемлекеттіктің іргетасы, негізі, рухы. Е­у­роа­зияның ұланғайыр кеңістігіндегі қағанатты бір орталыққа жіпсіз байлап, бір тудың, бір кеңістіктің, бір биліктің астына біріктіріп тұрған да сол «мәңгілік ел» идеясы. Тіпті, мұны түрік қағанатының идеологиясы десе де болады. Сол идеология әлсіреген тұста, қағанат та ыдырап, тоз-тозаласы шыққан. Доспанбет жыраудың: «Кетбұғадай билермен, кеңес құрар күн қайда?» деп армандауында да сондай ұлы аңсар жатыр. Қазақ-ноғай жырауларының да ұлы аңсарлы сарыны осы. Олар, ұлы тұтастықты басты идея етіп алған. Ортақ идеясыз, ортақ мүддесіз ұлт – тоқырауға бет алған, өз-өзіне деген сенімі жоғалған, өзінің асыл қасиетін өзі сыйламайтын, күй­реуге, ыдырауға бет алған ұлт. Бұл – мені кейінгі отыз жылда үздіксіз толғандырып, үнемі жауабын іздеуге ұмтылып, дерек-себептерді жинақтап, іштей ой қорытып жүрген мәселе еді. Енді, оларды жеке-жеке ой талқысынан саралап, пікірді дамытып, дәлелдеу, тұжырым жасау, менің жасымда кеш. Сондықтан да жеке-жеке тақырып бойынша оқшау тиянақтап, «Дулығаның» жазылмай қалған бір кітабының мазмұны мен айтар ойын, емеурінін бір мақалаға ықшамдап сыйғызсам деген ұмтылыс ту­ған. Соның барлығы тұжырымдала ке­ліп, тәуелсіздіктің бүгінгі, ертеңгі тарихтан алатын ащы-тұщы тағдырына сабақ болса екен деймін. Тұжырымы: Қазақ хандығы – кешегі көк түріктің, Дешті-қыпшақтың, Шыңғыс қағанатының, Алтын орданың заңды мұрагері. Олардың ортақ идеясы – мәңгілік ел, идеологиясы – мемлекеттік тұтастық, ортақ жер, ортақ тіл, ортақ діл, ортақ экономика, ортақ қазына үлесі, заң дәрежесінде қатаң сақталатын дәстүрге негізделген ұлттық мемлекет. Қорқыттың – «Озанында», Кетбұғаның – «Ел айырылғанында», Асанқайғының – «Жерұйығында», Шалкиіздің – «Еділінде», Бұқар жыраудың – «Ей, Абылай, Абылайында», Дулат пен Шортанбайдың «Зар заманында», Абайдың – «Қайран елім, қазағымында», Мағжанның – «Түр­кістанында» сол аңсар-идея барынша асқақ әрі терең, жан тебірентерліктей әсерлі бейнеленген деп есептеймін. Бұл идея – бүгін де аса маңызды, тіпті, ертеңгі тағдырымызды анықтап беретіндей шешуші нысана. Сондықтан да мемлекеттік идеологияға жауап беретін дәбірлердің бұл жайды терең зерттеп, жандарын қинап, санасын сарқып, жауапкершілікпен, ел алдына қандай да бір ұсыныспен шығуы тиіс. Әйтпесе, елді ыдыратып алу қаупі қазірдің өзінде бар.

АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫН АРАНДАТУШЫ ПІКІРЛЕРДІҢ ҮНІ ӨШУІ ТИІС

– Осы идеялардың жолында күрескен Алаш ардақтыларының тәуелсіздік тұжы­рым­дары қандай? «Алаш» партиясының, «Алашорда» үкіметінің, «Алашорда» халық кеңесінің құрамындағы тұлғалардың бәрінің пікірі, ойы ортақ болған ба? Әлде, көзқарас қайшылықтары байқала ма?

– Мен бұл сұраққа бар иманыммен ант бере отырып: «Алаш ұранды қайрат­кер­лердің арасында ешқандай өзара дұшпан­дық, өзара қастандық, өзара сатқындық, көзқарас тұрғысынан алғанда өзара қарама-қарсы қақтығыс болған жоқ», – деп жауап беремін. Олардың көздеген жалғыз-ақ мақ­саты болды. Ол – қазақ ұлтының тәуел­сіздігі. Ал қазақ елінде тарихи үлгісі жоқ мемлекетті құрудың стратегиялық-тактикалық шараларын жүзеге асырудың жолдары туралы көзқарастар ұстанымы, пікір алмасулар, келіспеушіліктер болды. Бірақ бұл оларды өзара дұшпандыққа, бөлінуге алып келді деген сөз емес. Бұл – көзқарас алшақтығы емес, ортақ мақсатқа жету жолындағы пікірлер мен ұсыныстар. Бұған мысал ретінде, «қалай да алаш қайраткерлерінен мін таппай қоймаймын» деп жүрген өлермендер (мұны менің өзіме мәлімдеме ретінде жариялаған тарихшылар мен зерттеушілердің, «қаншылдардың» – жүздік патриоттардың аттарын атамай-ақ қояйын) мен өзеурегендер, «Алаш автономиясын жариялау, жарияламау туралы болған 1917 жылғы тамыз айындағы құ­рыл­тайдағы пікір таласын көлденең тартады. Х. Және Ж.Досмұхамедовтер – дереу Алаш автономиясын жариялауды, ал Ә.Бөкейханов бастаған екінші топ қашан сол тұста үшке бөлініп тұрған қазақ жері мен елінің тұтастығы шешілгенше, бұл мәселені сол аймақтардағы құрылтай жиналысының уәкілдерінің дауыс беруі арқылы шешіп алған соң жариялау қажет­тігін, әйтпесе, қазіргі солтүстік бес облыс пен Түпкістан уәлаятына қараған шығыс-оңтүстік батыстағы бес облыстың қазақ мемлекетінен бөлініп қалу қаупі барын алға тартты. Соңғы ұсыныс көпшілік дауыспен бекітілді. Желтоқсан айына дейін Омбыда – Ақмола уезінің, Түркістанда – Түпкістан уәлаятының құрылтайы өтіп, қазақ автономиясына кіру туралы қаулы қабылдаған соң ғана, Алаш автономиясы жарияланды. Егер де, сол құрылтайлардың шешімі болмаса, 1924 жылға дейін Қазақ АССР-нің құрамына кірмеген он облыс қазір Ресей мен Өзбекстанның, Түрк­менс­танның құрамында қалар еді. Міне, саяси көрегендік деп осыны айту керек. 1920 жылғы Қазақ автономиясының территориясы қай мөлшермен шектелер еді. Айтайын, қазіргі Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау облысының солтүстік қанатымен қайырылар еді. Демек, бұл – араздық емес, елдің тағдырына адалдық. Мұны бәрі де қостап дауыс берді. «Батыс алашорда» мен «Шығыс алашорда» – автономияның бөлшектенуі емес, бас­қару құрылымы. Батыс пен Шығыстың арасындағы оқиға күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп отырды. Өзара байланыс жоқ. Жағдайға қарай дербес шешім қабылдау қажет. Батыс орда және Торғай облысы большевиктердің қоршауына ерте түсіп, кеңес өкіметін ерте мойындады. Ал Колчак пен атамандардың құрсауындағы Шығыс алашорда кеңес өкіметіне бір жылдан кейін мойынсынды. Егер де большевиктер жағына шықса, олардың, яғни, қазақтардың жаппай қырғынға ұшырауы сөзсіз еді. Мұны, А.Байтұрсынов Мәскеудегі кездесуде: «Шығыс алашорда дәл қазір кеңес өкіметін ашық мойындай алмайды. Олар ақтардың қоршауында қалды. Сондықтан да қаруларын әзір тастай алмайды», – деп мәлімдеді. Енді, осы да Батыс алашорда мен Шығыс алашорданың арасындағы араз­дықты, дұшпандықты білдіре ме? Мұндай, арандатушы пікірлердің үні өшуі тиіс.

– Ал большевиктер ретінде танылған тұлғалардың өзге бағытты ұстануының қан­дай себептері болуы мүмкін?

– Мен бұған Ахаңның – Ахмет Байтұр­сын­ұлының түрме тергеушілеріне берген мына жауабы арқылы қысқаша жауап қайырайын. Ахаң: «Тұрар Рысқұловпен байланысыңыз бар ма? Сіздерді жақын араласады дейді ғой», – деген сұраққа: «Рысқұлов – большевик. Олар алашордаға жау. Біз де большевиктерге қарсы болдық. Сондықтан да мені олар жек көреді. Мен жақтырмаймын және ол мені Қожановпен жақсы деп ойлайды», – деп жауап береді. «Ендеше, Қожановпен қалайсыз?» – дейді қадалып. Оған: «Қожанов – коммунист. Мен коммунистермен араласпаймын. Олар да мені жек көреді және ол мені Рысқ­ұловпен жақсы деп ойлайды», – деген уәж қайырады. Егер, екеуінің бірін мойындаса, сол адам міндетті түрде түрмеге қамалар еді. Ахаң екеуін де ақтап алып отыр.

ЖЫМСЫМА ХАТТАРДЫҢ ТАЛАЙЫН КӨҢІЛДЕН ӨШІРДІМ

– Архивтердегі деректер сол тұстағы ұлт қайраткерлерінің адами келбеті мен азамат­тық көзқарасын, іс-әрекеті мен қандай күйде болғанын толық дәйектей алады деп сенуімізге бола ма?

– Сұрақты және одан туындайтын мәсе­лені дұрыс қойып отырсың. «Адами келбеті мен азаматтық көзқарасын» танытатын да, танытпайтын да құжаттар бар. Ол, бірінші, архив құжаттарының мазм­ұнын пайдаланған адамның зерттеу бағыты мен өзінің ұстанған пікірін қандай мақсатта және қалай пайдаланды, соған тікелей байланысты. Ол – сол ғалымның да «адами келбеті мен азаматтық көзқарасын» және білім аясының терең-таяздығын танытады. Жалпы, құжаттарды жария еткенде оған үлкен сақтықпен қарау керек. Мысалы, жоғарыдағы Ахаңның Т.Рысқұлов пен С.Қожанов туралы тергеу­шіге берген жауабын сол қалпында түсінген зерттеушілер, солардың ішінде тарихшылар: «Байтұрсынов Рысқұловты неге жек көрген?» немесе «Байтұрсынов пен Қожановтың арасы неге нашар болған?» деп бадырайтып сұрақ қойып, неше түрлі саяси айыптар тағып, Ахаңды қаралауға бейім берген мақалалар жариялады. Негізінде, Ахаң осы жауабы арқылы екеуін де жаладан қорғап отыр ғой. «Жақсымын» – десе бітті, «Алашорданың көсемдерімен астыртын байланыс орнатқан» – деп, қай-қайсысын да түрмеге қамайтыны анық қой. Ал саяси қайраткерлердің өз қолымен жазып, өз еркімен жолдаған, оларды ату жазасына алып келген айып таққан жағымсыз пікірлерін шындық ретінде қабылдағаннан басқа амал жоқ. Оны зорлықпен жаздырған ешкім жоқ. Қалай ақтап алудың амалын таппай қиналатын сәттерің өте жиі кездеседі. Ал тергеудегі жауаптарды тексеріп, олардың жеке көзқарастарымен, ұстанымымен салыстырып барып пайдаланған дұрыс. Дәлелденбеген ондай жымсыма хаттардың талайын көзден өткеріп, көңілден өшірдім. Айтқың да келмейді.

– Бүкіл саналы ғұмырыңызды ұлт қасіретінің қатпарын аршып, ұлт қаймақтарын ақтауға, олардың асыл қасиеттерін ұрпақ жадына сіңіруге арнап келесіз. Осынау мехнатты жолда кедергілер көп болды ма?

– Үкімет тарапынан жасалған қысым мен шетқақпайға ешқандай да кейісім жоқ. Олар сол биліктің бұйрығын орындады. Керісінше, Қараби Мұхаметқалиев, Шыңғыс Салықбаев сияқты Қауіпсіздік комитетінің полковниктері оң қабағын берді. Ең қиын, құмығулы күйді сол құжат­тарды оқыған кездегі мазмұны мен соны жазған адамның атын оқығандағы сәтте және солардың ұрпақтары алдыңа келіп: «Енді біз қайтып өмір сүреміз?» – деп сұ­рақ қойған кездерде кештім. Тұла бойың түршігіп, іштей тұншығып, еш жауап бере алмай қала бересің. Мұның қасында, олардың руластары мен жүздестерінің кек алуға ант беріп, қоқан-лоққы жасағаны түк те емес. Мен ешкімнің қолына – қалам беріп, алдына – қағаз қойып, жазықсызды жазаға тартқыз деп мәжбүр еткенім жоқ. Алаш қайраткерлерінің есіл кеткен өмірін жаладан арашаладым.

…АЛТЫ-ЖЕТІ ЖЫЛ БОЙЫ ҚҰМЫҒЫП ӨМІР СҮРГЕНІМ РАС

– Деректермен танысу барысында ішіңізді алай-дүлей еткен, ойыңызды мүлде өзге бағытқа бұрған ақпараттар кездесті ме? Мысалы, қандай ақпараттар болуы мүмкін?

– О, ондай сәттерді басымнан көп кеш­тім. Отызға толмаған кезімде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде жазалау отрядының бастығы: Бір сайда 511 баланы қылыштың астынан өткіздім. 256-сы қыз, 255-і ұл екен! – деп бөсіп жазған «ерлі­гін» оқығанымда, түн ортасында қаламымды лақтырып жіберіп, төсекке құлай кетіп, өксіп-өксіп жылаған сәттерімді әлі ұмытпаймын. Ал «Ұраным – Алашты» жазғанда алты-жеті жыл бойы құмығып өмір сүргенім рас. Қалай жүйкем шыдады, соған қазір сол кітапты кейде парақтап отырып өзім де таң қаламын.

– Алашорда үкіметінің идеясына еңбегі сіңген, алайда ол санатта есімі атала бермейтін тұлғалар бар ма?

– Әрине, бар. Біз тек аса ұлы із қалдыр­ған тұлғалар туралы ғана мағлұматтарды жинақ­тай алып жатырмыз. Мысалы, Мұхамеджан Тынышбаевтің тарихи еңбектерінің толық нұсқасы әлі жинақталған жоқ. Ал, оның инженерлік еңбектері сол жабулы күйінде жатыр. Сондай-ақ, қазақтың тұңғыш биолог ғалымы Жұмахан Күдериннің сол кезде жарық көрген еңбектері әлі қайта басылған жоқ. Оның әртүрлі салаға арналған 26 ғылыми еңбегі бар. Жалпы, Жұмахан Кү­дерин­нің өмірі мен ғылыми еңбектері арнайы зерттеуді қажет етеді.

АЛПЫСТАН КЕЙІН АРХИВПЕН АЙНАЛЫСПАЙМЫН ДЕУШІ ЕДІМ

– Алаш идеясын зерделеуге ерте ден қо­юыңыздың себебі неде? Жас кезіңізден ақын, жазушы ретінде де кеңінен танылдыңыз.

 – Жиырма жеті жасыма дейін жеті-сегіз повесть, бір роман жазыппын. Екі өлеңдер жинағым жарыққа шықты. Сол кезеңдерге ой жүгіртсем, тәп-тәуір, жұрт қатарлы жазушы болатындай мүмкіндігім болыпты. Мені Алаш тақырыбына бас игізіп, саналы түрде итермелеген жайлардың бірі – Алаш идеясын шығару үшін Мұхтар Әуезов туралы Ромен Ролланның «Жан Кристофы» секілді кітап жазу еді. Мұхтар Әуезовті сахна­ның алдына декорация ретінде ала отырып, Алаш идеясын алдыға шығарғым келген. Енді, Әуезовтің шығармаларын, олардың жазылу тарихын зерттей бастадым. Әуезовке арнап бір емес, бес-алты кітап жазып жүргенімнің де себебі осында. Ал­ғашқы «Бесқарагер» атты повесімде Мұхтар Әуезовтің прототиптік сипаты бар болатын.

Ал Совет одағы тұсында тарихи шын­дық­ты айту өте күрделі еді. Әсіресе, «Қилы заманға» қатысты архив материалдарымен танысқаннан кейін, өлім ішінен – өмір, өмір ішінен – өлім іздеген жандардың жанкешті күйлерін көріп тұрып, оны жарияламау өзіме қылмыс сияқты көрінді. Кейде, жазып жүргенімнің барлығын текке уақыт кетірген дүние секілді сезіндім. Өзім қатарлас қалам ұстап жүрген жазушылармен бірге атаққа да, абыройға да, лауреаттыққа да, аздаған қаржылық тәуелсіздікке де жететіндей мүмкіндігім бар еді. Бірақ осы­ның барлығын сол тебін тіршілікке сарп еттім. Сондықтан да сол бір ойлаған көркем шығармалар жазылмай қалды. Қазір де, өзім­ді мәжбүрлі түрде, жерініп кеткен соқа­ға амалсыздықпен қайтадан жегілген өлер­мен өгіз сияқты сезінем және сол жаз­ған­дарымның да, өзімнің де ешкімге керегім жоқ сияқты көрінеді. Мұндай көңіл күй жиі болмаса да, оқтын-оқтын ойсоқты күйге ұшыратады.

Дегенмен де, шындығымды айтайын, өткеннің бәрі өмірлік және шығармашылық дерекке айналып кеткен соң, енді мені ешкім де мардымсып кетті демес. Мен жас кезімнен тәуелсіздік, рухани тәуелсіздік жолына бүтіндей болмысыммен бет бұрдым. Қандай да бір амалын тауып отарлау саясатын әшкерелегім келді. Оны 1976-1977 жылы жазылған «Жер-бесік» атты роман-новелламнан анық аңғарасыз. Тек, ұстазым Р.Нұрғалиев: «Басың кетеді», – деп нығарлап отырып, Кәрібоз – Шәкәрімге қатысты оқиғаны 31-жылдан 1916 жылға шегертті, Саржан – Мағжан оқиғасын 16- 22 жылдан 37-38 жылға ілгерілетті. Шы­ғарма 1982 жылы жарық көрді. Баспадағы М.Асылғазин, Қ.Айтолқын, Қ.Құрманғали сияқты азаматтар қырнаса да өткізді. Сол шағын роман-новелланың сол кезде жарияланып кеткеніне қазір өзім де таң қаламын.

Ақыры, деректі дүниеге ден қойғаннан кейін көне, есте жоқ ескі заманнан бас­тап бүгінге дейінгі ұлтымыздың жүріп өткен жолдары кім-кімді де ойландырары хақ. Екі мың жылды қамтитын «Дулыға» сол жылдары жазылды. Содан кейін, Қасым-Кенесары қарсылық танытып, жойқын күрес жүргізген қазақтың отарлану жүйесі мен бүгінгі ахуалы өзегімді жегі құрттай жей бастады. Сол үшін бүкіл көркем дүниемді тастап, осы тақырыппен түбегейлі айналыстым. «Алпыстан кей­ін архивпен айналыспаймын» деп ойлап жүруші едім. Бірақ бүгінгі жастардың ықылассыз ниет-ынтасына, білім өресінің шектеулі екеніне, тақырыпты жан алып-жан беріп зерттемейтініне, тағы да басқа «қырларына» қарап, кейде жабырқап қалатыным бар. Қарап тұрсам: енді сол мен тапқан архив деректері мен сондағы мен қорытқан пікірлерге келу үшін тағы бір өзім секілді итжанды біреу елу жыл архив ақтару керек болады екен. Сонда, қазақ халқының кейбір тарихи өзекті оқиғаларын саралау үшін арада елу жыл уақыт өтіп кетеді екен. Оған ендігі ұрпақтың мүмкіндігі бола ма, келер ұрпақтың рухани қажеттілігі туындай ма, кім білсін?! Сондықтан да өзімді өзім тебінге, өзімді өзім жанкештілікке зорлықпен көндіріп жүрген жайым бар. Ал ішкі арманым, ол – көркем шығарма. Сол бір ойымда екшелген дайын тағдырлар бейнесі осы күнге дейін түсіме кіреді.

МАҒЖАН – ОЙЫ ҰЛЫ, ОБРАЗДАРЫ КҮРДЕЛІ КЕСЕК ТҰЛҒА

– Қазір қандай тақырыптарға қалам тартып жүрсіз? Профессорсыз, дәріс оқып тұрасыз ба?

– Қазір дәріс атаулыдан шеттедік қой. Сұраныс та, ұсыныс та жоқ. Тек, сту­дент­тердің, магистранттардың, докторант­тар­дың қалауымен бес-алты жылдан бері солардың ұйғарған тақырыбына орай он бес күнде, бейсенбі күні бір рет, яғни, айына екі рет ақысыз, еркін лекция оқимын. Оған кейде оқытушылар мен журналистер де қатысады, ішінара Астанадағы құрылыста жұмыс жасап жүрген жігіттер де келіп тыңдайды. Өткен жылы соңғы дәрісте Мағжан туралы лекция оқыдым. Оның себебі, Мағжан Жұмабаев жайында отыз беттік материал дайындауым керек болды. Алғашында он-он бес күнде жазып шығармын деп ойлағанмын. Жиырмаға жуық ғылыми диссертациялар мен жарияланған зерттеулерді қарап кеп жібергенде, дымым шықпай қалды. Профессор Ш.Елеукенов пен Е.Тілешовтің монографияларынан басқасында Мағжанның өмірі мен ақындық әлемі толық ашылмаған екен. Оқыған еңбектерімнің бәрі бір-бірінің көшірмесі болып шықты. Не теориялық, не өмірбаяндық, не көзқарастық тұрғыдан алғанда еш жаңалық жоқ. 1988-1989 жылдары ақынды қалай да ақтау мақсатымен кеңестік идеологияға көз жаздыру мақсатында жасалған: «Мағжан дінге қарсы болған, Совет өкіметіне ешқандай қарсылық танытқан жоқ, «Алашорда» өкіметіне қызмет істеген жоқ, астыртын ұйыммен ешқандай байланысы болған жоқ, тек ақындықпен және оқу-ағарту ісімен айналысқан»,– деп мәжбүрлі түрде айтылған анықтамалар мен сипаттамалрды көшіре берген.

Одан бері заман өзгерді, заң өзгерді, мемлекеттік идеология өзгерді. Мағжанның өмірі мен шығармашылығына алаш жұртының көзқарасы тұрғысынан қарайтын кез жеткен жоқ па, тіпті, өтіп кетті ғой. Ал Мағжанның шынайы болмысы бұл айтылғандарға мүлде қарама-қайшы. Ол – жәй мұсылмандықты былай қойып, дінтану ғылымының магистрі. Төрт жасында қисса жаттаған, әкесі Бекмұхамед медресе тәмәмдаған адамды үйіне мұғалім етіп жалдап, Мағжанның 5-7 жасында діни сауатын ашқан. Содан кейін, Бекмұхамедтің ауылдағы жеке медресесінде үш жыл оқыған. Содан кейін Стамболдан жоғары оқу бітіріп келген Мұхамед Бекішевтің гимназия дәрежесінде тіркелген медресесін бітірген. Содан кейін, сол кезде Ресейдегі университет дәрежесінде тіркелген Уфадағы Ғалия медресесін тәмәмдады. Онда Түркия мен Мысырдың діни университеттерін бітіріп келген 17 адам дәріс оқыды. Бұл дегеніңіз, қазіргі магистрлік дәрежемен пара-пар. Жаратылыс пен қоғамдық және діни пәндердің бәрінен (жиыны отызға жуық) емтихан тапсырған. Құранды жатқа білген. Төрт діннің негізінен сынақ тапсырған. Ал Еуропа мен Шығыс әдебиетін терең зерттегені өз алдына.

Дәлел: бірінші, Мағжан қазіргі Станбол университетінің магистрі деңгейіндегі жоғары діни білім алған адам, имам-хатибтік дипломы бар магистр, демек, ол жәй панисламит емес, нағыз ислам ғұламасы. Екінші: жәй түрікшіл емес, университет деңгейінде жалпы түрік тарихынан, Түркия тарихы мен әдебиеті тарихынан, араб, парсы, түрік әдебиеті теориясынан дәріс тыңдап, емтихан тапсырған түрік мәдениетінің маманы. Үшінші: мұғалімдер гимназиясында Еуропа мен орыс әдебиет-мәдениет тарихын тереңдеп оқыған батыс әдебиеті мен мәдениетінің бакалавры. Ендеше, декаденттік, символизм, натурализм, сентиментализм, романтизм, пессимизм, мистика ол үшін жай ғана әдебиеттегі еліктеу ағымы емес, кәдімгі пән дәрісі. Төртінші: ол – саналы түрде ұлттық-саяси бағытты ұстанған «Алаш» партиясының және «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Ақмола (Омбы) облыстық кеңесінің төрағасы, демек, ұлт-азаттық қозғалыстың күрескері. Бесінші: бостандық идеясының (алаш идеясының) «жан сөзін» жырлаған ұлт ақыны.

Ал енді, құр сөзбен «кінәсіз еді», – дей бергенше, осы шындықты дәл осылай аш­ық айтып: «ол – адасқан жоқ, өйткені ол – ұлт азаттығы, ұлттық рух, сөз, пікір бостандығы жолында астыртын және ашық ұйымдар мен партияларға мүше болды, сол үшін жазаға тартылды», – десек, шындықтың өзін айтқан боламыз.

Ол «Әлемдік қасіретті», бізше айтқанда, «әлемдік зарзаман» ағымын өзінің көңіл-күйі етіп алған. Сондықтан да оның әр туындысы астарлы образдар мен емеурінге толы. Тек қана, «Пайғамбар» атты өлеңін алсақ та, жеткілікті. Оның әр жолында символдық мағына бар. Емеурін – софылық поэзияның, еуропалық символизмнің басты мағыналық құралы. Мағжан бұл екі поэтикалық мектептің әбілһаят суын қанып ішкен ақын. Сондықтан да оның «Бостандық» атты өлеңіндегі:

«Тәңірісі боп Лат, Манат, Жүргізіп Ібі­ліс әмірін, Жауыздық жайып тамырын, Өршіп өтірік, дұшпандық…» – деген жолдардың астарында Ленинді атқан әйел Капланның кекшілдігі мен жауыздығы меңзеліп отыр, – десек, жаңылыс жала болып табылмайды.

Өйткені Інжіл, Таурат, Забур, Құран рауияттары бойынша: Манат – опасыз тағдырдың, қарғыс пен жазмыш жазасының тәңіриясы. Ол о дүниедегі жер астының тәңір анасы әрі қабір азабының тыныштығын бақылаушы әйел. Ал Лат – Ібіліс Тайфтің әміршісі, не ойлап, нәпсісі не қаласа, соны істейтін әйел құдай. Манат пен Лат құдайдың қыздары екен-мыс делінген. Олардың ақ тастан жасалған мүсіні әр үйдің төрінде тұрған. Ислам діні енген соң олардың мүсіні қиратылып, аттары мансұқ етілген. Мағжанша айтқанда: Ібілістің – настықтың әміриялары, өтірік-өсектің, жауыздықтың, қастандықтың қағанағы. Мағжанның бұл емеурінін ажыратсақ: Каплан ханым – Лениннің ең жақын құрбысының бірі әрі әріптесі, көңілжықпасы. Талай қастаншықпағыр әрекетке барғанда оны Ленин қорғап қалған. Бұл әйел де «ойлағаны мен нәпсісінің дегенін жүзеге асырып отырған». Ашынған кезінде Ленинге қарсы «жазмыштың жазасын» тартқызып отыр.

Менің, Мағжанды «Адаспаған «адасқан ақын» – деп атауымның мәнісі, міне, осында. Сондықтан да ол – ойы ұлы, образдары күрделі, кесек тұлға.

– Салиқалы әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Мөлдір Райымбек,

"Қазақ Әдебиеті" газеті