11 қаз, 2019 сағат 12:16

Құлыбаев бизнеске қарсы қылмыстарды жеке қарастыруды ұсынды

Бизнеске қарсы қылмыстарды Қылмыстық кодексте жеке тарауға топтастыру қажет. Бұл туралы IV Бизнесті қорғау жөніндегі форумда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бизнестің проблемасы лауазымды тұлғаның араласуымен жиі болып жатады. Кәсіпкерлер барлық сатыға және қоғамдық институттарға жүгінуге мәжбүр. 2018 жылы ғана 50 мыңнан астам шағым тіркеліп, 61 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Ықпал етудің қылмыстық және әкімшілік шаралары іс жүзінде жұмыс істемейді. Барлық жерде дерлік нөлдік статистика», - деді ол.

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының бизнестің дамуына кедергі келтіруге тырысу мемлекетке қарсы жасалған қылмыс ретінде қаралуы тиістігін айтқанын еске салды.

«Құқық қорғау органдары академиясын бірлесіп бұл мәселені зеределеуді бастадық. Бизнеске қарсы жасалған қылмысты кешенді қарастырып, кеңейтіп Қылмыстық кодекстің жеке тарауы ретінде топтастыру қажет деп санаймыз. Бизнеске ертеңгі күніне деген сенімділік, жеке меншігіне қол сұғылмайтындығына кепіл керек», - деді Тимур Құлыбаев.

Осы орайда Төралқа төрағасы бұл істе сот билігі мен судьялардың маңызды рөл ойнайтындығына назар аударды.

«Жоғарғы соттың басшылығы сот процедураларын жақсарту, формализмді жою, бизнес пен мемлекеттік аппарат асындағы даулардағы теңсіздік алып тастау бойынша белсенді шаралар қабылдап жатыр. Судьялар корпусының сапасын арттыру бойынша да жұмыс жүргізілуде. Кәсіпкерлер қоғамдастығы бұл бастамаларға қолдау көрсетеді», - деді ол.