Фото: SMARTNEWS.KZ
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Құлсарыда 7 жастағы қызды зорлап, өлтірген педофилге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Ult.kz SMARTNEWS.KZ басылымына сілтеме жасап.
Үкімді судья Зарема Хамидуллина жариялады.
Қанды оқиға 5 маусым күні болған. Қыз бала аулаға ойнауға шыққан соң, үйіне қайта оралмаған. Кейін оның денесі Құрсай өзенінің маңынан табылған.
Тергеу барысында анықталғандай, 35 жастағы ер адам мас күйінде баланы зорлап, ізін жасыру үшін тұншықтырып өлтірген. Содан кейін мәйітті өзенге тастаған. Қылмыстан кейін дүкеннен ішімдік сатып алып, танысының ауласында ұйықтап қалған. Баланың денесі 12 сағаттан кейін табылды.
Сот-медициналық сараптама қыздың денесінен зорлық, соққы және тұншықтыру белгілерін анықтады. Күдікті өз кінәсін мойындамағанымен, сот оның айыбын куәгерлердің айғақтары, бейнежазбалар және сараптама қорытындылары арқылы толық дәлелденді деп шешті.
Айыпталушыға Қазақстан Қылмыстық кодексінің: 120-бабы 4-бөлігі («Кәмелетке толмағанды зорлау»), 99-бабы 3-бөлігі («Кәмелетке толмағанды өлтіру») бойынша айып тағылды. Сот үкімімен ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жаза ерекше тәртіптегі мекемеде өтеледі. Сонымен қатар, сот құрбан болған қыздың туыстарына 20 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Судья Хамидуллина үкім шығару кезінде атап өтті:
«Мұндай дамыған қоғамда, бейбіт заманда жазықсыз баланың өмірін қиып, аса қатыгездік таныту — тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның трагедиясы. Бұл — адамгершілік пен қауіпсіздік ұғымдарына соққы», – деді ол.
Соңғы жылдары Қазақстанда балаларға қарсы жантүршігерлік қылмыстарға қатысты жазаны күшейтутуралы талап жиілеп келеді. Алайда қолданыстағы заңнама бойынша, елімізде ең ауыр жаза — өмір бойғы бас бостандығынан айыру болып қала береді. Мұндай үкім кесілгендер ерекше күзеттегі түрмелерде, толық оқшаулауда жазасын өтейді.
