03 қар, 2017 сағат 11:43

Құл-Мұхаммед: «Рухани жаңғыру» қазақ қоғамының дамуына ерекше серпін әкелді

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында аталған партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед «Рухани» жаңғыру» бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Жиында Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысына «Рухани жаңғыру» бойынша қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқанын баяндады.

«Сіз ұсынған «Рухани» жаңғыру» қазақ қоғамының дамуына ерекше серпін, ерекше қимыл-қозғалыс әкелді. Қоғамдық санаға қозғау салуға партияның барлық ресурстары мен активтері жұмылдырылды. «Рухани жаңғыруға» арналған республикалық жобалау офисінде тұрақты жұмыс істеу үшін арнайы партия хатшысы белгіленіп, әлеуметтік желі, түрлі мессенджерлердегі жұмыс күшейтілді», - деді ол.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобасы да партияның бақылауында екенін жеткізді.

«Санадағы серпілістің іргетасы саналатын қазақ әліпбиін латынға көшіруді халық арасында кеңінен насихаттауды партия да өзінің күнделікті жұмысында басты назарда ұстауда», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.