Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары азаматтардың қабылдауын өткізді. Партияның республикалық қоғамдық қабылдауында өткен іс-шарада Мұхтар Құл-Мұхаммед отбасылық үлгідегі Қызылорда балалар ауылының директорымен, мүгедекпен, алматылық фермермен және Көкшетау медициналық колледжінің студентімен кездесті.
«Атамекен» балалар үйінің жетекшісі Лиза Скалова «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына көмек сұрай келіпті. Оның тәрбиеленушісі Медет Дали Мәскеу мемлекеттік құрыш және қорытпа институтына оқуға түсіпті, бірақ стипендия алмайтын жетім бала көмекке зәру.
М.Құл-Мұхаммед «Нұр Арман» жаңа партиялық жобасы арқылы болашақ металлургке қаржылық көмек көрсетуге тапсырма берді. Аталған жоба шеңберінде «Нұр Отан» жағдайы төмен отбасылардан шыққан қазақстандық жастар мен жетімдердің әлемнің жетекші ЖОО-да білім алуына мүмкіндік туғызып келеді. Лиза Скалова өз сөзінде күрделі кезеңге тап болған жас қазақстандықтарға көрсетіп жатқан зор қамқорлығы үшін партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа шын жүректен білдірген алғысын жеткізуін сұрады.
Республикалық қоғамдық қабылдауға келген Теміртаудағы №21 мектептің түлегі Дмитрий Мисчанчукке де көмек қолы созылды. Ол биыл ҰБТ-ның межелік деңгейінен өте алмапты. Жас жігіт осыған орай партиядан жәрдем сұрады. М.Құл-Мұхаммед жігіттің уәжін тыңдап шығып, оған Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отанның» биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмаған түлектерді жұмысқа орналастыратын республикалық жобаны іске қосқанын тілге тиек етті. М.Құл-Мұхаммед Теміртаудағы партияның қалалық филиалымен бейнеконференция байланысы арқылы хабарласып, Д.Мисчанчукке жұмыс тауып беруді тапсырды. Міне, осылайша бұл мәселе жарты сағаттың ішінде шешілді. Ол «Имсталькон Теміртау» зауытына жұмысқа орналасатын болды, бірақ алдымен кәсіпорынның қарамағындағы арнайы білім беру орталығында оқиды.
М.Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының 11-сыныпты тәмамдап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаған мыңдаған жасқа көмек қолын созғанына тоқталды. Қазіргі кезде Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмаған немесе оған тіпті қатыспаған 50 мың жастың енді 5 мыңына ғана көмек көрсету қалды. Аталған жұмысты Тәуелсіздік күніне дейін аяқтау жоспарлануда.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының қабылдауында 18 жастағы елорданың тұрғыны Аркадий Губарев та болды. Жас жігіт – I топтағы мүгедек, диагнозы – сал ауруы. Екі жыл бойы ол Қазақ технология және бизнес университеті жанындағы колледжде қашықтықтан оқу негізінде білім алған, бірақ, отбасындағы қаржылық жағдайға байланысты оның оқуының ақшасын төлей алатын мүмкіндігі жоқ.
М.Құл-Мұхаммед сырқатына қарамастан өзін өзі дамыту мен білімін жетілдіруге ұмтылысы күшті жас жігітті мақтап өтті. Партия Төрағасының бірінші орынбасары оған «Кедергісіз келешек» деп аталатын «Нұр Отанның» ауқымды жобасының бар екенін айтып берді. Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға жүйелі қолдау көрсету. М.Құл-Мұхаммед әңгімесін түйіндеп болып А.Губаревқа қаржылық көмек көрсету мәселесін шешіп берді. Өз кезегінде жас жігіт колледжді үздік бітіріп шығып, Қазақстанның дамуына үлесін қосуға уәде берді.
Алматы облысының 57 жасар фермері Талғат Алдамжаровтың тарихы жас Аркадий үшін жарқын мысал бола алады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарымен ол бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Ол да арбаға таңылған мүгедек, бірақ бұл жағдай оған алма бағын егуге, мал сатып алуына, жүгері, жоңышқа, соя өсіруіне кедергі келтіре алған жоқ. Бүгінгі күні Т.Алдамжаровтың шаруа қожалығы гүлденуде, енді ол оны кеңейткісі келеді. Фермер сүт фермасының құрылысын бастау үшін несие алуға көмектесуін сұрап «Нұр Отан» партиясына өтініш білдірді.
М.Құл-Мұхаммед оның жоспарын толық қолдап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» бірегей жобасының іске қосылғанын айтып, онда қазақстандықтардың бизнес-бастамасына шағын несие беру мүмкіндігі қарастырылғанын еске салды. Ендеше, Т.Алдамжаровтың мәселесі шешілді десек те болады. Партия оған қолдау көрсетуге әзір.
М.Құл-Мұхаммед Көкшетау медициналық колледжінің 2-курс студенті Кристина Павлованы жағымды жаңалықтан хабардар етті. Бойжеткен табиғи тамақ бояғыштары өндірісіне байланысты жоба әзірлеп шығарыпты. Алайда, оны іске асыру үшін К.Павловаға бастапқы капитал керек.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары оған «NURINTECH» республикалық байқауына қатысу үшін, бүкіл республика бойынша қазақстандық жастардың инновациялық зерттемелерін іріктеудің жүріп жатқанын айтты. Оның жеңімпаздары өз идеяларын өмірде іске асыру үшін грант алады. К.Павлова бұл жаңалыққа қатты қуанды. Ол өзінің осы байқауда жеңіске жететініне сенімді.
Азаматтарды қабылдау іс-шарасын қорытындылаған Мұхтар Құл-Мұхаммед биылғы жылы «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына 194 мыңнан астам қазақстандықтардың өтініш білдіргеніне тоқталды. Оның ішінде 76 мыңнан астам азамат өз өтініштерін «Электрондық партия» жүйесі арқылы жеткізген. Еліміздің барлық өңірлеріндегі тұрақты жұмыс істеп жатқан қоғамдық қабылдауларында партия жетекшілері, министрлер, әкімдер, мемлекеттік органдар, коммуналдық кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың өкілдері халықпен жиі кездесіп тұрады. Биылғы жылы тап осындай 20 мыңнан астам қабылдау болды. Жұрттың айтқан көптеген мәселелері сол жерде шешілуде. Қосымша пысықтауды талап ететін мәселелерді партия өз бақылауына алуда.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары азаматтардың бірде-бір өтінішінің назардан тыс қалмайтынын айтып, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы «Нұр Отан» қызметінің басым бағыты болып табылатынын атап көрсетті.
«Біздің есігіміз қазақстандықтарға әрдайым ашық», – деді М.Құл-Мұхаммед.