19 мам, 2022 сағат 18:18

Құқық қорғау органдарының қиялынан туған қылмыстық істерді дереу тоқтату керек - Президент


Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға "қиялдан туған қылмыстық істерді" дереу тоқтатуды тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысының пікірінше, ең алдымен, құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз қудалауды азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.

– Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады. Бұл шамамен тұтас 2021 жылғы көрсеткішке жуықтайды. Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын білдіреді. Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді күдікті деп тану тәжірибесі жиі кездесетінін және іс жүзінде бұл тек мүлік даулары екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарынан бірінші кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, заңсыз ақша табу, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерін әшкерелеуді талап етті.

– Әрине, Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді тоқтатуға тиіс. Мұндай күмәнді істерге бастамашы болғандарды жауапқа тарту керек. Мемлекеттің бизнеске қолайлы жағдай жасау саясатына нұқсан келтіретін күштік құрылымдар қызметкерлері басшыларының жауапкершілігін арттыру шараларын айқындау маңызды. Бас прокуратураға Жоғарғы Сотпен және Үкіметпен бірлесе отырып, заңнамаға нақты түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырамын. Әкімшілік бұл мәселені бақылауға алсын, – деді Президент.