Әлемнің 160-ракеткасы, қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Уимблдон турнирі іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол іріктеу сайыстарының жартылай финалында дүниежүзілік рейтингте 230-орында тұрған германиялық, 38 жастағы Филипп Кольшрайбермен күш сынасты.
Бірінші партияда тай-брейкте германиялық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:4).
Есесіне екінші сетте Кукушкин қарымта қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда ол 2:0 есебімен алға кетті. Есеп 5:2 болып, матчқа доп бергенде, қазақстандық теннисші сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен содан соң мақсатына жете білді – 6:4.
Екі сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Кукушкин 4 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 8 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 178-ракеткасы, мажарстандық Жомбор Пирошпен кездеседі. Оны жеңсе, биылғы үшінші «Үлкен дулыға» жарысына жолдама алады.