Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенатының отырысында бірқатар заң жобалары қаралды және өтіп бара жатқан мерейлі жыл қорытындыланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төраға жуырда Парламент қабылдаған аса маңызды саяси-құқықтық құжат - ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері мен жеңістері айшықталғанын, тәуелсіз Қазақстанды құруға және қалыптастыруға ерен еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгерлік қызметіне тарихи баға берілгенін ерекше атап өтті.
Заң шығару жұмыстарын қорытындылаған Қ.Тоқаев Сенат Парламент функциясын атқарған кезеңде жоғарғы Палата Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс жүргізе отырып, 57 заңды уақытылы қабылдағанын әрі өзінің конституциялық өкілеттігін абыроймен атқарғанын еске салды. Үстіміздегі жылы Парламент қабылдаған жүзден аса заң "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуін көздейтін стратегиялық бағдарламаларды іске асырудың заңнамалық негізін толық қалыптастырды.
Сенат Төрағасы Палата өткізген бірқатар маңызды іс-шараларға да тоқталды. "Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымы жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жол қозғалысы саласын құқықтық реттеу және еліміздегі биологиялық алуантүрліліктің сақталуын заңнамалық қамтамасыз ету мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауларда қоғамда орын алып отырған өткір мәселелер талқыланып, тиісті мемлекеттік органдарға нақты нұсқаулар берілді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2016 жылы сенаторлар еліміздің сыртқы саяси бастамаларын қолдау және шет мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастығын тереңдету жөнінде елеулі жұмыстарды жүзеге асырды. "Палатаның бастамасымен әлем елдері парламенттері мен дін өкілдерінің, сондай-ақ танымал саясаткерлердің қатысуымен "Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясы ойдағыдай өткізілді. Елбасының "Әлем. XXI ғасыр" тарихи манифесінің маңызы мен ядролық қарусыз әлем құру мәселелерін талқылауға арналған Сенаттың ұйымдастыруымен өткен ауқымды халықаралық конференция Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бастамаларының өзектілігін айшықтай түсті", - деді ол.
Сенаттың алдағы жұмыстары туралы айта келіп, Тоқаев ел тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған салтанатты жиындағы Президенттің сөзінде мемлекет дамуының жаңа сатысына көшу жағдайында Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесін күн тәртібіне қойылғанын еске салды. Төраға: "Алдағы уақытта, осы маңызды мәселе жан-жақты терең зерделеніп, тиісті заңдарға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Сенаторлар мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуды көздейтін маңызды заң жобаларымен жұмысты кәсіби тұрғыдан асқан жауапкершілікпен жүргізетініне мен кәміл сенемін", - деді.
Cондай-ақ, Қ.Тоқаев қаңтардың 4-і мен 13-і аралығында депутаттардың өңірлерге сапары жоспарланып отырғанын жеткізді. "Өткізілетін кездесулер барысында Парламент қабылдаған заңдарды халыққа жан-жақты насихаттау жұмысын жүргізу қажет. Қабылданған жаңа заңдардың ережелеріне, әсіресе, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, қаржы, салық, тұрғын үй және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне баса назар аударған жөн", - деді ол.
Тоқаев әріптестерін бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Отырыс барысында сенаторлар Қазақстан мен Иран арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялады.
2016 жылы 11 сәуірде Тегеранда қол қойылған Келісім Иран Ислам Республикасының соттары бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматтарын және Қазақстан Республикасының соттары бас бостандығынан айыруға соттаған Иран Ислам Республикасының азаматтарын одан әрі жазасын өздері азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу үшін беру мәселелерін реттейді.
Палата Қазақстан мен Словения арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялады.
Конвенцияның мақсаты инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау арқылы Қазақстан Республикасы мен Словения Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту болып табылады.
Конвенция екіжақты халықаралық шарт болып табылады және қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында жасалған. Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысы салық төлеушіге бір рет бірінде ғана салық төлеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Екінші мемлекет төленген салық сомасын есепке алады немесе салық салынатын жиынтық табыстан екінші мемлекетте салық салынған табыстың бөлігі шегеріледі.
Сонымен қатар, отырыста "Жайылымдар туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заң жобасы жайылымдарды ұтымды пайдалануға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Құжаттың ережелері жергілікті тұрғындардың малын жаюға арналған жайылымдар жөніндегі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, ондағы инфрақұрылым нысандарының жағдайын жақсартуға, жайылымдық жерлерді тоздырмауға байланысты шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Жобаға сәйкес Жер, Орман, Су кодекстеріне, сондай-ақ "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы" заңдарға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, орман, су қорларының және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне шөп шабу мен мал бағу ұғымдарын реттейтін қолданыстағы заңдардың ережелері одан әрі жетілдірілетін болады. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер ішінде жайылымдарды басқару және пайдалану мәселелерін талқылау мен шешім қабылдауға азаматтарды тарту туралы мәселелер қамтылған.