25 нау, 2024 сағат 12:53

"Крокустағы" теракт: шабуылдаушылар туралы не белгілі?


Мәскеу соты "Крокус Сити Холлдағы" терактіге күдіктілерді қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Күдіктілер лаңкестікке кінәлі екенін мойындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" РБК басылымына сілтеме жасап. Күдіктілер туралы не белгілі?

Мирзоев Далерджон Баротович – 32 жаста, Тәжікстан азаматы, кәмелетке толмаған төрт баласы бар. Оның Ресейде уақытша тіркеуі болған, Новосібірде үш ай уақытша ықтиярхатпен тұрған, бірақ мерзімі өтіп кеткен. "Крокустағы" терактіге қатысқанын толықтай мойындады.

Рачабализод Саидакрами Муродали – 1994 жылы туған. Үйленген, баласы бар. Жұмыссыз, тәмамдамаған орта білімі бар. Өз сөзі бойынша, Ресейде уақытша тіркеуде тұрған, бірақ қай елді мекенде тіркелгені белгісіз. Орыс тілінде сөйлемейді, аудармашы арқылы жауап алынған. Терактіге қатысқанын толықтай мойындады. Ұстау операциясы кезінде құлағы кесілген.

Шамсидин Фаридуни – 1998 жылы Тәжікстанда туған, осы елдің азаматы. 8 айлық баласы бар. Фаридуни Ресейдің Подольск қаласында фабрикада жұмысқа орналасқан, Красногорскте тұрғылықты жері бойынша тіркелген. Теракт қарсаңында Түркияда болып, Instagram желісінде суреттер жариялаған. Мәскеудегі терактіге қатысқанын толықтай мойындады. Ол жауап алу кезінде белгісіз уағызшының ақша үшін адам өлтіру туралы ұсынысына келіскенін және бір ай бойы дайындалғанын мәлімдеген. Сотта аудармашының көмегінсіз сөйлескен.

Мухаммадсобир Фаизов – 2004 жылы туған. Уақытша жұмыссыз, бұған дейін Ресейдің Ивановосында тіркелген, жергілікті барбершопта шаштараз болған. Ұстау операциясы кезінде көзі ағып кеткен. Фаизов "Крокустағы" теракт кезінде жұртты автоматтан ату сәтін видеоға түсірген және ақ түсті "Рено" көлігін жүргізген. Бойдақ, баласы жоқ.

Төрт күдіктіге қатысты 22 мамырға дейін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Оларға топ болып террористік акт жасады деген айып тағылған, бұл баптың жазасы – өмір бойына бас бостандығынан айыру.