Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің денсаулығына қатысты ақпараттарға пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Оның денсаулығы жақсы. Америкалық және ұлыбританиялық, сондай-ақ украиналық ақпарат "сарапшылары" соңғы айларда президенттің денсаулығы туралы түрлі "өсек-аяң" таратып жатқанын білесіздер. Бұл "өсек-аяңнан" басқа ештеңе емес. Біз бұл туралы айтып жүрміз", - деді Песков.
Бұл ретте АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының басшысы Уильям Бернс Ресей басшысының денсаулық жағдайын "сап-сау" деп бағалады.
"Президент Путиннің денсаулығына қатысты көптеген қауесет бар. Бірақ біздің білуімізше, ол сап-сау. Бұл барлау қызметінің бейресми бағалауы", - деп келтіреді агенттік Бернстің Аспен форумында сөйлеген сөзін.