ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік органдардың бірқатар лауазымдық тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүзеге асыруда.
"Жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында 2016 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 185-бабының 3-бөлімінде («Мемлекеттік құпияларды жария ету») және 362-бабының 3-бөлімінде («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») көзделген қылмыстарды жасауға күдіктілігі бойынша Дүтбаев Нартай Нұртайұлы, Хасен Нұрлан Болатұлы және Нұртаев Ерлан Сүйімбайұлы ұсталды" делінген хабарламада.
Көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабына сәйкес ҰҚК Тергеу изоляторына қамалды.
Күдіктілердің және олардың туыстарының тұрғылықты жерлері бойынша тінтулер жүргізілді, заттай дәлелдемелер алынды.
Тергеп-тексеру жалғастырылуда, оның барысы және нәтижелері туралы қосымша хабарланады.