20 жел, 2016 сағат 00:05

ҚР СІМ Ресейдің Түркиядағы елшісіне жасалған қастандық туралы пікір білдірді

ҚР СІМ Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловқа жасалған қастандық туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство Ресейдің Түркиядағы елшісіне жасалған қастандықты қатаң айыптайды. "Егемен елдің уәкілетті өкіліне қарсы жасалған бұл терроризм актісінің мақсаты Түркия мен Ресейдің екіжақты қарым-қатынасына үрей мен алауыздық туғызу болған. Ресейлік тарапқа, марқұмның отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз және ақтап алуға келмес бұл қастық актісін Түркияның құқық қорғау органдары жан-жақты тергеп, ұйымдастырушылар қатаң жазаланады деп үміттенеміз", - деп хабарлады ҚР СІМ өкілдері. 

Сонымен қатар, Халықаралық қатынастар Еуразиялық кеңесінің директоры Жанболат Үсенов Facebook желісіндегі парақшасында қайғылы оқиғаның Түркия мен Ресейдің Сирияның тағдырын бірлесе шешу жайлы ұмтылыстардың қарсаңында болғанын атап өтті. "Дипломаттар арандатушыларға оңай нысан. Мемлекеттің ресми өкіліне шабуыл жасау - президенттің өзіне шабуыл жасаумен тең. Алайда елшілерді президент ретінде қорғамайды. Қорғай ма екен жалпы", - деп жазды Үсенов әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Оның пікірінше, мемлекеттік емес акторларға "бұдан асқан нысан" табу мүмкін емес. Ол РФ елшісіне бүгін жасалған шабуылдан мемлекеттік акторлар қамдана бастайды, себебі зардап шеккен тарап әрекет етуге міндетті. "Бұған қарсы әрекет те тура осындай болуы мүмкін", - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін түрік елінде заманауи өнер орталығындағы көрменің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп тұрған РФ Елшісі Андрей Карловқа қарулы шабуыл жасалып, ол ауруханада көз жұмды.