04 нау, 2020 сағат 17:50

ҚР СІМ: Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматынан коронавирус табылған жоқ

Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілерінің орыс тілді топтарында коронавирус жұқтырды делінген Қазақстан азаматы COVID-19 вирусының бар-жоғын анықтайтын барлық сараптаманы тапсырды.

Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Telegram парақшасында таратылған ақпаратта айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін, 4 наурызда Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігінің қолдауымен осыған дейін COVID-19 вирусын жұқтырды деген азаматымыз коронавирус бар-жоқтығын анықтауға қажетті барлық сараптаманы тапсырды. Ауруларды бақылау және алдын-алу жөніндегі корей орталығының хабарлауынша, отандасымыздың анализ нәтижелері вирустың жоқ екенін көрсеткен. Аталған азаматымызға тест нәтижелері таныстырылды», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта.

Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан Республикасының азаматы коронавируске шалдыққаны расталды деген ақпараттың жалған екенін мәлімдеген болатын.