22 ақп, 2017 сағат 09:04

ҚР СІМ Атамбаевтың мәлімдемесіне қатысты Қырғызстан елшісіне нота тапсырды

ҚР Сыртқы істер министрлігіне Қырғыз Республикасы істері жөніндегі уақытша өкіл Кайнарбек Токтомушев шақыртылды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Аталған кездесуде Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев қырғыз дипломатына Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың 2017 жылдың 17 ақпанында Euronews телеарнасына берген сұхбатындағы пікіріне қатысты «таңданыс пен наразылық білдірілген» нотаны табыстады.

Бұған дейін қызрғыз билігі 2010 жылы көрші елде болған дағдарысты жағдайды реттеудегі Қазақстан рөлін бірнеше рет атап өткен еді. Көптеген халықаралық құрылымдар да оған жоғары баға берген.

Бұл мәселе бойынша Астананың ресми позициясы 2010 жылғы 19 мамырда ҚР СІМ мәлімдемесінде баяндалған. Атап айтар болсақ, онда «2010 жылдың сәуірінде болған қайғылы оқиғалардың алғашқы күнінен бастап,  Қазақстанның бауырлас халыққа екіжақты негізде көмек пен қолдау көрсеткені» баса айтылған.

ЕҚЫҰ төрағасы болған Қазақстан тез арада ҚР Мәжілісі төрағасының орынбасары, ынтымақтастық бойынша қазақстандық-қырғызстандық парламент тобының жетекшісі, елші Жәнібек Кәрібжановты Бішкектегі арнайы ЕҚЫҰ елшісі етіп тағайындады.

Одан бөлек, ҚР Президентінің Қырғызстандағы арнайы елшісі тағайындалды, ол Қырғызстанның уақытша үкіметі басшылығымен бірқатар кездесулер өткізіп, дағдарысты жағдайдан шығу жолдарын талқылады.

Сонымен бірге, Қазақстан қысқа мерзім ішінде өз көршісіне көмектер мен күштер жіберді және елдегі егіс науқанына қолдау көрсетіп, тез арада жанармай мен тұқым жеткізді. Жалпы алғанда, Қырғызстанға 11,6 миллион доллардан астам сомаға қазақстандық гуманитарлық көмек жіберілді.

Қазақстан қабылдаған осы және өзге шаралардың нәтижесінде көптеген адам шығынына әкеп соғатын ушығулар орын алған жоқ.

Қорытындылай келе, қазақстандық тарап екі халық арасындағы дәстүрлі бауырлас қарым-қатынастарға және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтық қарым-қатынастар шартына бейіл екендігін мәлімдейді.