Бүгін Бішкекте мемлекет басшыларының қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің сессиясы басталды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Сессия жұмысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян қатысып жатыр.
Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары ұйым қызметі аясында өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылайды. Сонымен бірге, биылғы жылғы ұйым қызметтінің басым бағыттарын іске асырудың қорытындысын шығарады деп күтілуде. Сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын, 2019-2021 жылдарға арналған БҰҰ-ның терроризмге қарсы жаһандық стратегиясын іске асыру жөніндегі ұйым елдерінің ұжымдық іс-қимыл жоспарын, тәжік-ауған шекарасындағы шиеленісті азайтуға бағытталған қосымша шаралар тізбесін бекітуді жоспарлап отыр.
Сессия отырысынан кейін қортынды құжаттарға қол қою рәсімі өтеді деп күтілуде. Еске сала кетейік, 27 қараша күні Бішкекте ҚР Сыртқы істер және қорғаныс министрлері ҰҚШҰ елдері кеңесінің бірлескен отырысы өтті.
Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі, ҰҚШҰ органдары рәсімдерінің ережелері, сондай-ақ Ұйымның Бас хатшысын тағайындау рәсіміне байланысты ҰҚШҰ құқықтық құжаттарына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.
«Бірлескен отырыс сындарлы түрде және дәстүрлі достық атмосферада өтті. Келісілген құжаттар 28 қарашада Бішкекте өтетін ҰҚШҰ мемлекет басшылары қатысатын Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына түпкілікті қарауға және бекітуге шығарылатын болады», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.
ҰҚШҰ 2002 жылы құрылған және құрамына Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін халықаралық аймақтық ұйым болып саналады.